Әлмерек шағын ауданы су құбыры желісіне қосылды

 Әлмерек шағын ауданы су құбыры желісіне қосылды
Қаладан шалғай жатқан елдімекенді ауызсумен қамтамасыз ету былтыр көктемде басталған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түрксіб ауданының тұрғындары су құбыры желісіне қосылды. Ал, абоненттерді тарту бүгіннен бастап жүзеге асады. Қаладан шалғай жатқан елдімекенді ауызсумен қамтамасыз ету былтыр көктемде басталған еді. Жұмыс жоспары толық орындалды ма? Ендігі меже қандай? Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Әлмерек шағынауданында 1113 отбасы тұрады. 2019 жылдың қарашасында жұмылдыру жұмыстары басталып, өткен жылы құбыры тартылған істің қазір 85 пайызы орындалып отыр. Нақтылай айтсақ, 819 үй тіршілік көзімен қамтамасыз етілген. Бүгінге дейін ұңғымадан су алып келген тұрғындар ендігіде орталыққа қосылғандарына қуанышты.

«Судың қосылғанына қуаныштымыз. Үйде ыстық су да, суық су да бар. Бау-бақшаға да жақсы болды су келгені. Өте қуаныштымыз. Үйдің тірлігіне жақсы ғой енді су болғаны. Алдында ұңғыма еді, енді үкіметтен келіп жатыр ғой», – деді Әлмерек шағынауданының тұрғыны Роза Қанатбекова.

Негізгі жұмыс кеше аяқтала салысымен, тұрғындар үйге су құбырын тартуды бастап кетті. Арнайы мамандар құдықтарды нөмірлеп, кәріз жүйесінің техникалық шарттарымен таныстырды. Ал, шарт жасау мен қайта жасау үшін жеке тұрғын үйлерге арналған құжаттар да дайындалып жатыр.

«7-8 жыл болды тұрып жатқаныма. Жаңадан үй салып кірдік. Суға байланысты үлкен проблемалар болды. Биылға су келіп, үйімізден су ағып, жақсы болып жатыр. Рақмет өстіп су түсіріп беріп жатқан кісілерге», – деді Әлмерек шағынауданының тұрғыны Нұрлан Әріпжанов.

«8 жыл болды осында келіп үй салып, тұрып жатқанымызға. Соңғы 1-2 жылда өте жақсы қарқынмен, әкімдіктің көмегімен жақсы бағада газға қосылдық. Орталық газға. Ел өте риза. Ризамыз. Судың сапасы  және қысымы жақсы», – деді Әлмерек шағынауданының тұрғыны Ұлан Әшімханұлы.

Сондай-ақ, ықшамауданда газ бен жарық мәселесі де шешімін тауып тұр. Тек су құбырын жүргізу барысында уақытша тоқтаған жол жөндеу жұмыстары қалған 294 үйге ауызсу жеткізіліп, кәріз жүйесі іске қосылған соң қайта басталады. Жалпы, әу бастағы жоспарға сәйкес, аталған істердің барлығы 2022 жылдың күзінде бітуі керек.

«Халық ертеңгі күні құжаттарының бәрін, келісімшарттарының бәрін реттеп, дұрыс толтыруы үшін жеңілдік жасадық «Алматы Су» мекемесімен бірге. Солардың қызметкерлерін Түрксіб ауданы, Әлмерек ықшамауданындағы мектепке орын бөліп, осы жерде құжаттарын қабылдап жатыр. Ол өйткені 819 үйдің тұрғындарына орталыққа барып құжат тапсыру қиындау болады», – деді Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық жөніндегі бөлімнің басшысы Айдос Бекетаев.

Айта кетейік, Әлмерек шағынауданы 2014 жылы Түрксіб ауданының құрамына қосылған. Мемлекеттік бағдарламаның аясында қазір мұнда жарық, су, газ мәселелері толық аяқталған. Сондай-ақ, қала мен елдімекен арасында тікелей автобус қатынайды.

Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров