27-кезең: Алматыда бір күнде 3 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй мен 1500-ге жуық аула дезинфекцияланды

27-кезең: Алматыда бір күнде 3 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй мен 1500-ге жуық аула дезинфекцияланды
Бас-аяғы 50 бригада жұмылдырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бүгін 3 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй мен мың жарымға жуық аула дезинфекцияланды. Қаланы залалсыздандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Мұндай өңдеу шараларына 400-ге жуық адам тартылған. Сондай-ақ, кіреберістер мен аулалар келесі аптадан бастап аптасына үш рет тазартылмақ. Бұған дейін бұл жұмыстар екі рет жасалған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі  жалғастырсын.

Алматыда қаланы жаппай дезинфекциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін 27-кезеңнің екінші күні жүріп жатыр. Әуезов ауданы бойынша мәселен бүгін 7 бригада залалсыздандыру жұмыстарына шыққан. Мұндай дезинфекторлар қаланың әр ауданына жұмылдырылған.

Жалпы Әуезов ауданында 1700-ден астам көпқабатты үй, 5 мыңнан астам кіреберіс, мыңға жуық аула бар. Бүгін дезинфекторлар 562 үй мен 324 ауланы тазалап шықты.

«Жұмыстың аса ауырлығы жоқ. Бірақ күні бойы жұмыс істейтіндіктен хлордың иісі аздап келеңсіздік тудырады. Кейде 9 қабатты үйлерде жеделсаты жұмыс істемей қалатын кездері болады, сол кезде қиындау. Сондай-ақ, мәселен, бір тұрғын үйде тұратын адамдардың біреуі дезинфекция жасаңыздар десе, енді біреуі мүлде қажет емес екенін айтатын жағдайлар болады», – деді Әуезов ауданының дезинфекторы Руслан Османов.

Алмалы ауданында да жұмыс күнде қызады. Подъездегі әрбір қуыс дезинфекторлардың көзінен таса қалмайды. Адамның қолы жиі тиетін жерлер, баспалдақтар, тұрғындардың есіктері, қабырғалар мұқият залалсыздандырылады.

«Төтенше жағдай басталғаннан бастап мен осы дезинфекция жұмысын жасап жатырмын. Басында адамдардың көбісі бізді дұрыс түсінбей жұмысымызға кедергі болып жататын. Бірақ қазір кішкене адамдардың көбісі үйреніп бізге көмектеседі. Бізге подъездерді ашып беріп, жеделсатыда бізді өткізіп шығуға көмектесіп, сондай жағдайларда», – деді Алмалы ауданының дезинфекторы Сағыныш Советбекұлы.

Мамандардың сөзінше, залалсыздардыруға арналған сұйықтық қоршаған ортаға, адамдарға қауіпті емес. Егер тұрғындар тарапынан қандай да шағым болатын болса, сол үйдің адамдарымен препараттың құрамы зерделеніп, керек болса басқа сұйықтыққа ауыстыруға дайынбыз дейді. Ал алдағы уақытта дезинфекция жұмыстары еселей түспек.

«Келесі аптадан бастап Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бұл жұмыстар аптасын екі реттен үш ретке дейін көтерілетін болады, яғни әр аула, әр кіреберіс аптасын үш рет өңделетін болады. Сонымен қатар, атап өтетін жағдай, бұл дезинфекцияда қолданылатын барлық препараттар еліміздің аумағында қолданылуға рұқсаты бар», – деді  қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев.

Әйтсе де дезинфекциядан соң 2-3 сағаттан кейін ғана шығуға кеңес беріледі. Жалпы қала бойынша 8 жарым мыңнан астам үй, 4 мыңнан астам аула бар. Бүгін оның ішіндегі 3040 үйге, 1440 аулаға дезинфекция жасалды. Бас-аяғы 50 бригада жұмылдырылған.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров