Алматыда мәдени және діни нысандар жұмысын қайта бастады

02.09.2020 02:54

Қандай нысандардың жұмыс істеуіне тыйым салынған?

Аlmaty.tv

Алматыда бүгіннен бастап мәдени және діни нысандар қайта жұмысқа кірісті. Сонымен қатар, бассейндер мен ұлттық табиғи саябақтар ашылды. Қалыпты жұмыс режиміне оралған нысандар қандай талаптарды сақтауы тиіс? Ал қандай қоғамдық орындар әзірге жұмыс істемейді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Назкен Еркін жалғасын.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі жарты жылдық карантиннен кейін алғашқы келушілерін қабылдап үлгерді. Мұнда жаңадан Азия және Еуропа халықтарына арналған екі зал ашылыпты.

Міне осындай көздің жауын алатын жәдігерлерді енді тікелей келіп тамашалауға болады. Бұған дейін онлайн форматта жұмыс істеген мұражайлар қайта жанданып жатыр. Басты талап – келушілердің саны 30-дан аспауы керек және санитария талаптары қатаң сақталуы тиіс.

Мамандар музей бұрынғы қалыпта яғни таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді дейді. Жұмысқа барлық қызметкерлер шыққан. Көрме бөлімдерінің әрқайсысына антисептиктер қойылған.

«Енді бүгіннен бастап қайдатан музей келушілерді қабылдай бастады. Сондықтан музейдегі барлық санитария талаптары сақталған. Оның ішінде маска тағу, қолғап кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, сонымен қатар, кіреберісте дезинфекциялық құрылғылар орнатылды», – деді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Рүстем Қайратұлы.

Бұдан бөлек қаладағы кітапханалар да қалыпты жұмыс кестесіне қайта кірісті. Алматыдағы Орталық ұлттық кітапханада бас-аяғы 300-дей қызметкер болса, оның 80 пайызы карантин кезінде қашықтан жұмыс істеген екен. Енді ұжымның барлығы жұмысқа шығып, оқырмандарды қабылдауға дайын.

«Санитария нормаларына сәйкес мәдениет нысандарындағы адам толымдылығы 50 пайыздан аспауы керек делінген. Сондықтан біз қазір күніне бір мезетте тек 285 адамды кітапханаға қабылдай аламыз. Бұрын күніне 2 мыңға жуық оқырман келетін. Оқырман залдарының әр бұрышына санитайзерлер қойылып, арақашықтық белгіленді. Кварцтауға арналған құрылғылар да орнатылды», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Нүрия Есқалиева.

Келушілерге қойылатын талап жоғары. Бетпердемен жүретін жұрт енді кітапханаға міндетті түрде медициналық қолғаппен барғаны абзал. Мұндай талап кітаптарды ұстаған кезде түрлі вирустардың таралуына жол бермеу үшін жасалып отыр дейді мұндағылар. Сонымен қатар, кітаптарға тапсырыс беру және дайын болған кітаптарды алу екі бөлек жерден жүзеге асады. Ал оқырмандар қолданған оқулықтар, материалдар 3 күнге дейін карантинге жіберіледі. Дәлірек айтсақ олар арнайы қораптарға салынған соң үш күннен кейін ғана қайта қолданысқа енеді.

«Әрине, біз де оқырмандарымыз да кітапхананың ашылуын тағатсыздана күттік. Халықтан әлі күнге дейін қоңыраулар түсіп жатыр. Студенттер, зейнеткерлер, кітапсүйер қауымның бәрі осында келіп іздегенін табады», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Нүрия Есқалиева.

Осы орайда қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шаһардағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты дейді. Оның сөзінше қаладағы аурушаңдық деңгейі 3 пайыздан 0,1 пайызға дейін азайған. Осыны негізге алған мамандар кей нысандардың жұмысын жандандыруға рұқсат етіп отыр. 15 тамыздан бері сауда орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендер, жабық базарлар, моншалар сияқты орындар қайта жұмысқа кіріскен еді.

«Ал қыркүйек айының 1-нен бастап келесі нысандар өз жұмысын бастады. Атап айтсақ, мәдениет объектілері, діни нысандар, бассейндер, сонымен қатар, ұлттық саябақтардың танымал туристік тау нысандары және жабық бөлмежайларда орналасқан 30 орыннан аспайтын қоғамдық тамақтану объектілердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, қала маңына қатынайтын пойыздар, қалааралық автобустар, хауызы бар фитнес-орталықтар да жұмысқа кіріседі. Ал ойын-сауық мекемелер, караоке, бильярд, компьютерлік клубтары, түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер, боулинг орталықтары, фудкорттар мен кинотеатрлар әзірге ашылмайды.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы