Ару қалаға деген сағыныштан туған ән: "Сағындым Алматымның" тарихы қандай

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Әннің авторы Алтынбек Қоразбаев ару қалаға деген сағыныштан туған ән дейді мұны
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сағындым Алматымды»... Мегаполистен жырақта тұратын азаматтың айтатын әні бұл. Тек сағынғандар емес, кіндік қаны Алматыда тамған тұлғалар да туындыны ерекше жақсы көреді.  Ал, шығарма қашан және қайда шықты? Ең алғаш оны кім орындады? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тарихтың бір тамшысын айтып берсін.  

«Сағындым Алматымды» әні алғаш рет домбырамен шыққан туынды. Әннің авторы Алтынбек Қоразбаев ару қалаға деген сағыныштан туған ән дейді мұны. Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған шығарма 1974 жылы ән болып орындалады. Алтынбек Қоразбаевтың айтуынша бұл туынды, бір емес үш рет дүниеге келген.

«Сонау 74-75 жылдары ең бірінші осы әнді  өзім құрған  домбырашылар триосымен орындадық. Сол жылдары осы Алматыға келіп «Алтыбақан» деген телеарнада сол жобада орындадық», – деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев.

1982 жылы Ресейдің халық әртісі Валентина Толкунова біздің елге гострольдік сапармен келіп, сазы мен сөзі үйлесім тапқан «Сағындым Алматымдыны» тыңдап қалады. Құлақтан кіріп бойды алған әсем әнді бүкіл одаққа танымалы әнші Республика сарайында орындаған. Ару қалаға арналған туынды осылайша кең тарап кетті деп еске алады автор.    

Осылайша Алтынбек Қоразбаев барша қазақстандықтарды келе жатқан қала күнімен құттықтады. Кез келген сала маманының арманын орындайтын мекен әрдайым жарқырай беруін тіледі.

«Ардақты алматылықтар! Құрметті жерлестер мен сіздерді шын жүрегімнен, бірнеше ондаған өнер азаматтарының атынан Алматы күніменен құттықтаймын! Алматы қаламыз әр уақытта да мәңгі жасай берсін. Алматы – өнер қаласы, елдің қаласы, қазақтың қаласы, Алматы сүйікті қала», – деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев.

Осы күні ел арасында Алтынбек Қоразбаев әнін жазған туынды Алматыға арналған шығармалардың тәжі атанып жүр. Олай дейтініміз, 2002 жылы оны «МузАрт» тобы орындайды. Заманауи түрленген «Сағындым Алматымды» әні талайының құлағына жатталып, жылдар өтсе де, ескірмей келеді дейді Мейрамбек Бесбабев. Әнші сондай-ақ, қала тұрғындарын келе жатқан мейраммен де құттықтады.

«Сағындым Алматымды» Алматыны көрген адамдардың гимніне айналып кеткен шығар. Мен бір қаланың бақытты тұрғыны ретінде сіздерге жақсылық тілеймін. Аман болыңыздар!» – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейрамбек Бесбаев.

Түнгі Алматы тұманы ашылғанда,

Алатауға ай келіп асылғанда,

Нұр жанады, аспанның жұлдыздары,

Алматының үстіне шашылған ба?!

Ұзатылар қыздайын үлпілдеген,

Шақырасың назыңмен, күлкіңменен...

...Жоқ!

Алматы – жүрегі Алатаудың!

Тау ұйқыға кеткенде бүлкілдеген.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та ару қалаға осындай өлең жолдарын арнаған. Қаланың табиғаты мен сұлулығы кез келген өнер адамның шабытын шақыратындай. Ал, Алатаудан соққан самал жел бейне бір әсем әуендей...

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров