Алматыда биыл 200 көше жөндеуден өтеді

Алматыда биыл 200 көше жөндеуден өтеді
Бір ғана Түрксіб ауданында қазірдің өзінде 89 көшеде шұңқырлар жамалып, 5 шақырым жүргіншілер жолы салынып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл 200 көше жөндеуден өтеді. 196 шақырым болатын жол жамылғысына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Әсіресе, қалаға қосылған аудандарға ерекше назар аударылады. Бір ғана Түрксіб ауданында қазірдің өзінде 89 көшеде шұңқырлар жамалып, 5 шақырым жүргіншілер жолы салынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мына біз тұрған Айша Бибі көшесінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы аудан бойынша жол жамылғысын төсеуге 4 бригада мен 15 техника жұмылдырылыпты. Осылайша 89 көшедегі ойлы шұңқырлар мен шөгулер қайта қалпына келтіріледі.

Шаһар басшысының тапсырмасымен Түрксіб ауданында осыдан тура 1 ай бұрын жол жөндеу жұмыстары басталған еді. Бұл іске жауапты мердігер ұйым жолдағы ойық-шұңқырды бітеп, 7 мекенжай бойынша 5,2 шақырымға созылған тротуар мен жүргіншілер жолын салуды қолға алған.

«Ауданда жолдардағы шұңқырларды анықтау үшін мониторинг жүргізілген  еді. Нәтижесінде 89 көшеде 179 участок белгілі болды. Тұрғындар да өз тарапынан жөндеу қажет ететін көшелерді байқаса, бізге әлеуметтік желі арқылы өтінімдерін тастап кетіп жатады. Бұл өтініштер ескерусіз қалмайды», – деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Константин Воропаев.

Шұңқырларды жамау ауданда мамыр айының аяғына дейін жалғасады. Одан кейін орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланыпты. Мердігер ұйымның 30 шақты жұмысшысы бұл іске белсене кірісіп кеткен.

Жалпы мегаполисте биыл 200 көше жөнделеді. Қазір 23 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, кей жерлерде жол жиегі, арықтар мен жол жамылғылары ауыстырылуда. Жыл соңына дейін 250 мың шаршы метрден астам асфальтбетонды жолдарға, 40 аялдама қалталары мен алаңдарға төсеу жоспарланған.

Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров