Алматыда бұрын мүлде жарық болмаған көшелерге 20 мыңға жуық шам орнатылды

06.08.2021 02:36

Тұрғындар «көшемізге жарық келіп, көзіміз шайдай ашылды» деп қуанып отыр

Алатау ауданы көшелерінде жаңа жарық шамдары орнатылып жатыр. Тұрғындар «көшемізге жарық келіп, көзіміз шайдай ашылды» деп қуанып отыр. Бұрын-соңды жарық болмаған 413 көшеге былтыр 20 мыңға жуық шам орнатылған. Келесі жылы сыртқы жарық желілерімен толық жарықтандыру көзделіп отыр. Биылдың өзінде 772 көше электр жарығымен қамтылады. Бұл туралы арнамыздың эфирінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлаған еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Былтыр қалада жүргізілген аудиттік тексеру нәтижесінде 2 мыңнан астам жарықсыз көше анықталған. Соның 1423-іне былтыр, ал 508 көшесіне биыл желі тартылған. Олардың көбі шеткі аудандарға тиесілі. Мәселен, Алатау ауданына қарайтын Шаңырақ-1 ықшам ауданындағы бұл көшеде бұрын мүлде жарық болмаған. Былтыр жыл соңында жаңадан бағандар орнатылған. Енді қараңғы түссе, көшеге жан бітіп, жарқырап тұратын болған.

«Жарық болмай тұрған кезде кейде машина жүреді, бала-шаға ойнап жүреді. 50-60-тай бала бар. Сол балалардың қауіпсіздігін ойлап қорқып жүретінбіз. Қазір енді мынау жарық жанғалы бері жақсы болды», – деді қала тұрғыны Айтбай Сағынбеков.

Бұдан бөлек «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында шеткі аудандарда ескірген құрылғыларды жаңа Led-шамдарымен ауыстыру жұмыстары да жүргізілген. Мегаполистің 62 пайызы заманауи шамдармен жабдықталған.

«Кеңес заманындағы ескі жарық болды. Оның өзі сығырайып әрең шам сияқты көрініп тұратын, бірі жанса, бірі жанбайтын одан сөйте келе қазіргі заманауи Led дейміз ғой сондай шам қойды. Кешке жақын келсеңіздер күндіз тұрғандай, қазір қалай тұрмыз, солай тұрғандай жарық, әдемі», – деді қала тұрғыны Сейітхан Нұрбатцин.

«Бірнеше рет сүрініп құлап қалған кездерім бар осы, бір шам жанып, бірі жанбай қараңғыда. Осыны орнатып берген әкімшілікке үлкен алғысым бар. Қазір күндегідей жап-жарық. Бір жаққа шықсақ та, бір жақтан келсек те қорықпаймыз әйтеуір», – деді қала тұрғыны Бейсенгүл Мейірбекова.

Сондай-ақ, 2020 жылы жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 7 магистралды көше мен даңғыл бойындағы желілер қайта жөнделді. Энергия үнемдейтін 5 мыңнан аса шам мен 3 мыңдай бағана орнатылды. Нәтижесінде энергия тұтыну орта есеппен 19%-ға қысқарыпты. Енді тағы 48 көшедегі ескірген құрылғыларды жаңарту жоспарланып отыр.

«Өте көп электрэнергияны қамтиды. Содан кейін Led шамдарына ауыстырамыз. Олардың жарамдылығы 10 есе. Мысалы, қазіргі газоразрядный ЖКУ дейді, оның шамдарына қарағанда 10 есе ұзағырақ қызмет етеді», – деді «Алматы қала жарық» МКК басшысының орынбасары Мақсат Батхан.

ГРАФИКА: Жалпы қаланы сыртқы жарықпен қамту бойынша мынадай жұмыстар атқарылмақ: Бұрын мүлде жарығы болмаған 601 көше, ішінара жарықтандырылмаған 171 көше жарық бағандарымен қамтылады. Жаңа жолдарды салуға байланысты тағы 146 көшеге жарық сымдары тартылады.  

Сыртқы жарық жүйесінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық карта әзірлеу жоспарлануда. Басқаруды автоматтандыру ақауларды дер кезінде анықтауға және жоюға мүмкіндік бермек. Жалпы, 2022 жылы Алматы көшелерін толық жарықтандыру міндеті қойылды.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

ГРАФИКА:

Сыртқы жарықпен қамту – 2021 жыл:

Мүлде жарығы болмаған 601 көшеге жарық орнатылады

Жартылай жарықтандырылған - 171 көшеге жарық орнатылады

Жаңа жолдарды салуға байланысты - 146 көше жарықтандырылады