Игі іске мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі мамандық иелері, қоғам қайраткерлері атсалысып жатыр
Алматыда жасыл желекті күннің аптап ыстығынан сақтап қалу мақсатында өсімдіктерді суару челенджі жалғасып жатыр. Игі іске мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі мамандық иелері, қоғам қайраткерлері атсалысып жатыр. Олардың айтуынша, мұндай бастаманың қолға алынуы шаһардағы экологияны, сондай-ақ қаланың көркін сақтап қалады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Alatay Aqparat журналистері бастаған Алматыдағы жасыл алқаптарды суару мен күтіп-баптау челледжі қарқын алуда. Бүгінде оған басқа да кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, түрлі мамандық иелері, тіпті қарапайым азаматтар да қосылды. Ыстық күндері «Алматы ақшамы» редакциясы Абай даңғылының бойындағы журналистер аллеясына көшеттерді суаруға шықты.
«Биыл мына шілде айындағы аптап ыстыққа байланысты ағаштардың көбісі қурап кетудің алдында тұр. Сондықтан арнайы челлендж ұйымдастырып, ағаштарға су құйып, күтіп-баптау жұмыстарын қолға алдық», – деді «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Әнуарбек Исламханұлы.
«Жасыл желек – жанға сая» демекші, бақшаны суаруға мемлекет және қоғам қайраткерлері де білек сыбана кірісіп жатыр. Басты мақсат – табиғат сыйын құрып кетуден сақтау. Осылайша барша қоғамды игі іске шақыру.
«Арамызда жүрегінің түкпірінде мейірім оты лаулап тұрған адамдардың көп болғаны қуантарлық жайт. «Алматы ақшамы» газетінің тұрақты оқырманы ретінде бұл игі бастаманы және оның нәтижесін бақылап отырамын. Газет пен халықтың бірлесіп, оң нәтижеге қол жеткізуін ақсақал ретінде қадағалаймын», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
Қаламыздағы жасыл ағаштардың тағдырына бей-жай қарамайтындардың барлығын БАҚ өкілдері челленджге қосылуға шақырады. Ол үшін аулаңыздағы, көшелердегі, жұмыс немесе оқу орындарындағы ағаштарға назар аударсаңыз жеткілікті.
Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы