«Бюджетке қатысу»: Алматыда 3 денешынықтыру кешені салынып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар Медеу, Түрксіб пен Алатау ауданында бой көтереді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 3 бірдей денешынықтыру кешені салынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның бірі Медеу ауданында орналасса, қалған екеуінің құрылысы Түрксіб пен Алатау ауданында жүріп жатыр. Қала құрамына соңғы боп қосылған Наурызбай ауданында бүгінде 44 балалар алаңы бар. Соның 22-сі спорттық үлгіде салынған. Осыған дейін немерелерін қайда апарып, ойнатарын білмей жүрген тұрғындар қазір ризашылығын білдіріп жатыр.

«Балаларға жақсы болды. Немерелеріміз осында келіп ойнайды. Тіпті, шалдар да  футбол ойнауға келеді», – деді қала тұрғыны Рысгүл Елікбаева.

Наурызбай ауданында «Бюджетке қатысу» жобасымен көркейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жаңа алаңдармен қоса, жөндеуді қажет ететін саябақтар, тас жолдар мен арықты қалпына келтіру қолға алынған.

«Өткен жылдың өзінде «Бюджетке қатысу» бағдарламасы арқылы 50 жоба іске асты. Оның 18-і балаларға арналған спорттық алаң, 17-сі тас жолдар мен жаяу жүргіншілер жолағы. 7 жоба арық жүйесіне қатысты іске асты. Сондай-ақ аялдамалар салынып, қоқыс жәшіктері орнатылды», – деді Наурызбай аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Оңалбек Қыдырбаев.

Наурызбай ауданында күзге дейін тағы 7 спорт алаңқайы ашылады. Соның бірі осы Таусамалы шағынауданында орналасқан. Мұндағы құрылыс жұмыстарының басталғанына 3 апта болыпты. Алайда балалар соған қарамастан қазірден-ақ спортпен шұғылдануды бастап кеткен.

«Алаң өте жақсы. Сапалы салынып жатыр. Мұнда балалар көп болғандықтан бұрын осындай спорт алаңы жетіспеуші еді. Қазір бәріміз осындамыз. Ашылуын асыға күтеміз», – деді қала тұрғыны Владимир Ретивых.

«Немерелерімді осы жерге әкеліп ойнатамын. Әрине, өте жақсы салынған. Қаламыз көркейіп жатыр. Біз үшін өте қуанышты жағдай», – деді қала тұрғыны Жолдасбек Ерменбаев.

Әкімдік өкілдері спорт алаңқайлардың жоқтығына қатысты қандай да бір шағымдары болса бізге хабарласса болады дейді. Олардың ұсыныстарын «Бюджетке қатысу» бағдарламасы арқылы қарастыру көзделген.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров