Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында жаңа ұлттық киім топтамасы көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға еліміздің жетекші дизайнерлері Аида Кауменова, Жанат Бақыт, Тәрбия Айдымбаева қатысып жас сәнгерлерге шеберлік сағатын өткізді. Себебі пандемиядан зардап шеккен салалардың бірі – ұлттық қолөнер.
Қазақтың ұлттық киімдері адамның жас ерекшелігіне, лауазымына және отбасылық жағдайына қарай түрленеді. Ал, киімге тігілген әр өрнек-нақыштың астарында үлкен мағына жатыр. Қазір отандық шеберлер ұлттық киімдерді заманауи стильде тігуді қолға алған. Дизайнерлердің айтуынша, қазақы нақыштағы бешпенттер мен камзолдар қыз-келіншектер арасында сұранысқа ие.
Ал, мына киімді тұрмысқа шықпаған қыздар киген. Үстімдегі кәжекей де бөрік те толығымен қолдан тігілген. Бойжеткен көгерсін, көбейсін деген ниетпен мынадай көк-жасыл тастармен безендіріліпті. Сондай-ақ, жарқ-жұрқ еткен әшекейлер қызды тіл көзден сақтайды деген ырым да бар.
Іс-шарада еліміздің жетекші этно дизайнерлері мен тарихшылар жас буынға баяндама жасап, бағыт-бағдар көрсетті. Онда ұлтымызды шетелге таныстыратын сувенир дайындау, қазақы нақыштағы зергерлік бұйымдар жасау технологиясы және ұлттық киімдерді күнделікті өмірге бейімдеу тақырыптары сөз болды.
«Шеберлер осы, әсіресе, пандемия кезінде қиын жағдайда жүр ғой. Сондықтан осыла кездесіп, бір-бірімен сұқбаттасып, бір-бірімен мәселелерін ғана бөліспей, қалай ары қарай даму керек, қалай бұл жағдайдан дұрыс шығу керек, соның бәрін ақылдасып, кеңесетін мүмкіндігі бар», – деді «Қазақ өнер» шеберлер орталығының жетекшісі, этнодизайнер Айгүл Жансерікова.
Ұлттық өнер саласы бойынша өз кәсібін бастаймын деген азаматтарға мемлекеттен барынша қолдау көрсетіледі. Отандық өнім шығаруға ниеттілер «Бизнес бастау» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары бойынша жоба қорғап, бір реттік қайтарымсыз грант ұтып ала алады.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» қаласы