Алматының 4 ауданында жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

07.08.2021 01:57

Үйді-үйге жылу тарату үшін құбырлардың сапалы болуы – басты талап

Биыл Алматыда ұзындығы 9 шақырым болатын жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Мамандар қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп отыр. Осы бағытта биыл тағы қандай шаруалар игерілді? Алматы жылу маусымына қаншалықты дайын? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын зерттеп көрді.

Алматыдағы жылу электр стансасының қала тұрғындары үшін маңызы зор. Себебі алматылықтардың 70 пайызын осы нысандар жылумен қамтиды, ал қалған 30 пайызын қазандық арқылы жылытады. Үйді-үйге жылу тарату үшін құбырлардың сапалы болуы – басты талап. Жаз мезгілі – жылу жүйелерін ауыстыру мен оларға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары қарқын алатын уақыт. Биыл да бұл шаруалар жоспарға сәйкес атқарылуда.  

Дәл осындай жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қаланың 4 ауданында қарқынды жүріп жатыр. Ауыстырылып жатқан диаметрі 530 болатын мына құбырлар 30 жылға дейін шыдас береді дейді мамандар. Сонымен қатар, жылыту маусымы кезінде апатты жағдайлардың азаюуына мүмкіндік бермек.

Мәселен, Әлімжанов пен Уәлиханов көшесінің қиылысындағы бұл жылу құбырлары соңғы 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Әбден тозығы жеткен жылу желілерінде жиі ақау шығатын көрінеді. Тұрғындар шағымынан кейін мұнда құбырларды ауыстыру жұмыстары мамыр айында басталып кетті.

«Өткен қыс мезгілі кезінде құбырларда апатты жағдай болып, ыстық су мен жылу ажыратылған болатын. Ауданда егде адамдар мен көпбалалы аналар тұратынын ескерсеңіз бұл өте қиын жағдай екенін білесіз ғой. Міне, биыл жұмыстар белсенді жүріп жатқанын көріп қуанып қалдық. Жігіттер күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Бізге күзге дейін аяқтап берсе болғаны», – деді қала тұрғыны Ирина Киселева.

Биыл жылу желілерін ауыстыру жұмыстары Бостандық, Медеу, Әуезов пен Алмалы аудандарына басымдық берілді. Қала бойынша қазір 11 көшеде жұмыс қызу жүріп жатыр. Ол жұмыстарды күзге дейін аяқтау үшін 8 мердігер компаниясы міндетіне алған.  

«Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар ыстық сусыз қалмас үшін мердігер компаниялардың күшімен тұрғындарға, ауруханалар бар, мектептер бар, егер жолдың бойында орналасса, олардың бәріне уақытша ыстық су қосылып беріліп отырды», – деді Күрделі құрылыс және жөндеу басқармасының бастығы Саят Джингильбаев.

Айта кетейік, бүгінде қаладағы 1 млн, 260 мың үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 634 мыңға жуығы жеке қазандықтың көмегімен үйлерін жылытады. Ал, 1900 отбасы әлі пеш пайдаланады.  

«Өткен жылы 16,1 шақырым жылумен қамту жүйелері жаңартылды. Бұл жұмыс нәтежиесінде жылу құбырлары 1,2 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда бұл бағытта 2023 жылға дейін атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспары жасалған. Осы уақытқа дейін 14,6 шақырым болатын құбырларды жаңартуды көздеп отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алдағы жылы қазандық қондырғыларын іске қосу міндттеліп отыр. Қазір қалада 4 бірдей алып қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Алмагүл ықшамауданындағы оңтүстік қазандық биыл жыл соңына дейін аяқталмақ. Пайдалануға берілсе 55 Гкал/сағ үздіксіз жылумен қамтитын бірегей қондырғы болмақ.  

Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы