Алматыда «Бюджетке қатысу» аясында 2021 жылы 300-ден астам жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бюджетке қатысу» қалалық жобасы аясында Алматыны абаттандыру бойынша тұрғындардың ұсыныстарына дауыс беру қорытындысы шығарылды.
«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім жинау 28 тамызда басталды. Қала тұрғындары budget.open-almaty.kz порталы арқылы ұсыныстарын енгізді. Оның ішінде ең жақсы ұсыныстарды 11-23 қараша аралығында өткен дауыс беру кезінде тұрғындардың өзі анықтады. Дауыс беру budget.open-almaty.kz порталында ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) пайдалану арқылы онлайн, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен Open Almaty фронт-офисінде (Абай даңғылы, 90) қағаз түрінде өткізілді.
Биыл 795 жобалық ұсыныс түсті, 448-і дауыс беруге жіберілді. Алматылықтар 28 576 дауыс берді, оның ішінде 27 476 онлайн және 1113 қағаз түрінде.
Осылайша, «Бюджетке қатысу» аясында 2021 жылы 343 жоба іске асырылады (Алмалы ауданы - 73, Наурызбай ауданы - 61, Түрксіб ауданы - 54, Бостандық ауданы - 49, Медеу ауданы - 34, Алатау ауданы - 31, Әуезов ауданы – 22, Жетісу ауданы – 19).
Қала тұрғындарының ең көп дауыс жинаған жобалары қатарында: Бостандық ауданында №3 оқушылар үйінің аумағын абаттандыру (458), Алатау ауданында «Атлеттер қалашығы» ТК аумағын абаттандыру (424), Алмалы ауданында Шевченко көшесі, 167 мекенжайындағы ауланы жаңарту және көгалдандыру (387), Медеу ауданында №168 мектепке өту үшін Әбілғазы өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен пандусы бар баспалдақ салу (349), Түрксіб ауданында «Қазақстан жастарына патриоттық тәлім беру» тақырыбына мурал салу (325), Әуезов ауданындағы Мамыр-1 ықшамауданында балалар ойын алаңын күрделі жөндеу (147), Наурызбай ауданындағы Тастыбұлақ ықшамауданында жол бойында жабық арық жүйесін орнату (132), Жетісу ауданындағы Көкжиек ықшамауданында Жекпе-жек орталығын ашу (112) бар.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері қағаз түрінде дауыс беру нәтижесін санауға қатысып, тұрғындардың бастамаларына өз бағасын берді.
«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қағаз түрінде дауыс беру нәтижесін санауға бір күн кетті. Бұл тұрғындар өз ауданын абаттандыру үшін дауыс беруге белсенді қатысқандығын білдіреді. Менің ойымша, тұрғындардың пікірін ескере отырып, қаланы дамыту үшін «Бюджетке қатысуды» тұрақты түрде өткізу керек. Тәжірибе көрсеткендей қала тұрғындарының белсенділігі мен жобаға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбдішүкіров.
Алматы қаласы Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Іңкәрбеков те биыл тұрғындардың белсенділігі артқанын атап өтті.
«Әр ауданда орта есеппен 100 жобадан ұсынылды. Соның ішінде дауыс беруге қала тұрғындарына қажет және ең маңызды жобалар жіберілді. Жыл сайын «Бюджетке қатысу» арқылы қалалық ортаны жақсартуға ниет білдіретін тұрғындар саны көбейе түседі деп сенемін», – деді Ұ. Іңкәрбеков.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы Дмитрий Васильевтің пікірінше, «Бюджетке қатысудың» категорияларын көбейтіп, абаттандырудан бөлек, әлеуметтік нысандарды, демалыс орталықтарын және т.б. ашу бойынша жобаларды қосу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын жүзеге асырып, қаланың 8 ауданына жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден бөлді. 2020 жылы жалпы сома 6,4 млрд теңгеге дейін өсті (2019 жылы 4 млрд теңге) — әр ауданға 800 млн теңгеден. Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарына «Бюджетке қатысу» аясында қосымша 500 млн теңгеден бөлу қарастырылған. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына 1,3 млрд теңгеден бөлінеді.