Құрылысқа 8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған
Биыл Алматыдағы 13 базар қайта жаңарады. Оның алтауының іргетасы жаңадан қаланса, жетеуі жобасын өзгертіп, заманауи үлгіге көшпек. Құрылысқа 8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған жоба 4 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Аты көпке мәлім барахолка маңындағы сауда нысандарының да басым бөлігі жаңарған. Замануи үлгідегі базардағы қазіргі жағдай жайлы Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.
Бұл Алматыдағы аты көпке мәшһүр барахолка деп аталып кеткен базар. Бүгінде оның маңындағы сауда нысандары жаңадан салынып, барлық талаптарға сай қайта жасалып жатыр. Мәселен, Ялян базары бұрын контейнерден тұрса, қазір мұнда іші жарық, бутиктері кең екі қабатты сауда орны салынды. Ыңғайлы, жазда салқын, қыста жылы базарға келушілермен қатар, кәсіптерін дөңгелеткісі келетін жалға алушылардың да назары ауған.
«Осы біз тұрған сауда үйінде жалпы саны 290 бутик бар. Маусым айынан бастап тең жартысы, яғни 50 пайызы толып кетті. Бірақ тағы жалға алам деушілер үшін орындар бар. Мұнда барлық санитарлық талаптар сақталған. Кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайды қарастырдық. Алғашқы екі ай демалыс деп жарияланады. Бұл тұтынушы жинап, кәсібін айналдырып алып кету үшін қолға алынды. Кейін ары қарай жалға алғаны үшін ақы төлейді», – деді сауда орны директорының орынбасары Несіпхан Молдағұлов.
Жалпы Алматыда бас-аяғы 57 базар бар. Оның бесеуі мақсатын өзгертіп бірі қонақ үй, әкімшілік нысан және халыққа қызмет көрсететін ғимарат салыну үшін сүрілген. Ал барахолка маңында 24 базар орналасқан. Қаладағы кәсіпкерлікке жауапты басқарма өкілінің сөзінше, Алматыдағы базардың басым бөлігі жаңарған. Бұл халыққа жайлы жағдай жасау үшін қолға алынған. Айта кетейік, 7 нысан жобасын өзгертіп, қайта жаңғыруға дайындалып жатыр. Қайта жаңарған базарда өрт сөндіру жүйесі, ауа желдеткіш бар. Әр бутикке өзінің тауарын салып қоятын бөлек қойма қарастырылған.
«Сауда-саттық форматы замануи үлгіге ауысып жатыр. Бұл заман талабы. Кәсіпкерлік саласындағы сапаны арттыру кезінде жалға алушыға да, сатып алушыға да жақсы жағдай жасалады. Жалпы базарлардың сырт келбетінің де көз тартқаны маңызды. Бастысы, барлық талаптарға сәйкес келуіне мән береміз», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Бекжан Қуанышев.
Базарларды жаңарту 2013 жылдан бері басталған. Мәселен, 2013 пен 2018 жылдар аралығында 23 базар қайта жасалған.
Жадыра Омаржан, Диас Махамбетов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы