Қай мамандық иелеріне басымдық беріледі?
Ертең «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Ал, құжаттарды тіркеу наурыз айының соңына дейін жалғасады. Жоба барысында 35 жасқа дейінгі алматылықтар баспанаға ие болу үшін жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Биыл қанша пәтер қолданысқа берілмек? Қай мамандық иелеріне басымдық беріледі? Бағдарламаның шарттары қандай? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай айтып берсін.
Былтыр «Алматы жастары 2020» бағдарламасы аясында мыңға жуық алматылық жас баспаналы болды. Мәдениет саласынан 108 үміткердің бағы жанды. Олардың бірі Құрманғазы оркестрінің қызметкері – Ақбөбек Қайыржанова. Жас келіншек жарымен бірге 2 жыл бұрын Алматыға қоныс аударған. Енді игі бағдарламаның арқасында жас отбасы 1-2 айдың көлемінде су жаңа 2 бөлмелі пәтеріне қоныстанбақ.
«Сайтта «Алматы жастарының» комментарий жазып жатыр да Алматы тұрғындары. Яғни, «өздерінің таныстары өтті, оған да бір таныс керек» деген сияқты. Жоқ, олай емес. Біздер қарапайым осы Құрманғазы оркестрінде жұмыс жасаймыз. Әлеуметтік желі арқылы естідік осындай конкурс болатынын. Құжаттарымызды тапсырдық. Енді Алматыда жастар көп қой. Жолымыз болып, өттік», – деді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің сценарисі Ақбөбек Қайыржанова.
«Алматы жастарына» медицина, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орны, әлеуметтік сала, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өтінім бере алады. Сондай-ақ, биыл бұл санатқа құқық қорғау органы қызметкерлері де ілігіп отыр. Айта кететіні, өтінім берушілерден тұрғылықты жері туралы анықтама талап етілмейді. Ал, биыл берілетін сома 13 млн теңгеден 18 млн теңгеге ұлғайтылды.
«Осы бағдарламаға қатысушы осы Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Оның жасы 35 жас болуы керек, 35-ті қоса алғанда. Зейнетақы мөлшерлемесімен, соңғы кем дегенде 6 ай жұмыс өтілі болуы керек», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Биыл мың адамды баспанамен қамтамсыз ету жоспарланған. Осы орайда БАҚ саласында 10 жылдан бері тер төгіп келе жатқан Рашид Шүкірәлиев те
өз үйінің болғанын армандап жүр.
«Мен «Алматы жастары» бағдарламасына қатысайын деп отырмын. Ертең құжаттарымның барлығын жинап онлайн түрде тапсырамын. Осы оператор болып істеп жүргеніме 10 жылдан асты. Отбасымыз бен баспаналы болғымыз келеді. 3 балам бар», – деді телеоператор Рашид Шүкірәлиев.
Өтінім беру аяқталған соң үміткерлердің құжаттары тексеріліп, жинаған балл санына қарай іріктеледі. Жоғары балл жинауға некеде қанша жыл тұрғандығы, бала саны, жұмыс өтілінің мерзімі, халықтың әлеуметтік-әлсіз тобына жататындығы әсер етеді.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы