Жобаға ұсыныс тастағандар саны 80-нен асты
Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныс тастағандар саны 80-нен асты. Тұрғындардың дауыс беруі арқылы қолдау тапқан бастамалар қалалық бюджет есебінен жүргізіледі. Наурызбай ауданының өзінде жоба аясында 50 бастама іске асқан. Толығырақ Жаңа Алматының тұрғындарымен тілдесіп қайтқан Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай жалғастырсын.
Дәл қазір біз Алматының Наурызбай ауданына қарасты Ақжар ықшам ауданында тұрмыз. Тұрғындардың сөзінше бұл аумақ бұрын соңды шаңы бетіне шығып, қурай басып жататын. Алайда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша көпшіліктің өтінімі қабылданып, жарық шамдары орнатылып, балалар алаңы салынды.
Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлжаз Ақажан дәл осы серуен алаңына кенже қызын ойнатады. Жас ананың айтуынша, індетке байланысты жабық алаңдарда қыдыра алмағандықтан, осындай балалар алаңы мен саябақтардың көптеп салынғаны жанға сая болды.
«Бізге дәл осындай қолайлы жер керек. Таза ауа, осындай көлеңкелі. Жағдай жасалған жер. Өте жақсы. Үнемі келіп тұрамыз. Жақсы жасап қойды, бізге арнап», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлжаз Ақажан.
Ауданның өзге тұрғындары да жаңадан салынған алаңдарға дән риза. Қараңғы көшелерге жарықтың орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың салынғаны қала мәдениетін дамытады дейді.
«Жердің бәрі топырақ еді. Қазір осыған көңіл бөліп, парк салып, кешке балалар ойнайды осы жерде. Жақсы. Түнде жарық, бәрі жанып жақсы болды. Рақмет айтқым келеді әкімдікке», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Талғат Мұхамадиев.
«Бұрын әке-шешесімен жүретін ар жақтағы алаңға. Қазір үйден шығасың, серуен алаңына шығасың. Ол, біріншіден, ал екіншіден, жарықтардың орнатылғаны жақсы болды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Амангелді Серікбаев.
Бүгінде жаңа Алматының Қарғалы, Қалқаман, Таусамалы, Ақжар сынды ықшам аудандарында жасыл-желек отырғызып көгалдандыру, спорт және балалар алаңдарын салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қолданысқа берілді.
«Бюджетке қатысу» жобасы аясында серуендейтін алаңдар салынды. Соның бірі дәл осы Таусамалы ықшам ауданында орналасқан. Осыған ұқсас өзге де аумақтағы құрылыс жұмысы аяқталды», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Оңалбек Қыдырбаев.
«Бюджетке қатысу» жобасына өтінім қабылдау 1 қазанға дейін жалғаспақ. Қызықты ұсыныстарға өтінімді budget.open-almaty.kz. порталы арқылы тастауға болады.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, Алматы телеарнасы