Е. Бабақұмаров Алматыда отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы туралы айтты

24.10.2020 03:04

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның онлайн-кеңесі өтті

inform.kz

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның онлайн-кеңесі өтті. Кеңес барысында қалалық комиссияның төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров ҚР-дағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудың қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірінші кезең аясында, 2017–2019 жылдар аралығында Алматыда 6 мақсатты индикаторға қол жеткізілді. Қалада репродуктивті денсаулықты қорғау және күтілетін өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтықты жою үшін жағдай жасауға бағытталған 38 ұйым жұмыс істейді. Орталықтардың базасында аналар мектебі қарастырылған, денсаулыы бойынша қауіп тобындағы әйелдерді ауруханаға жатқызуда бақылау жүргізіледі. Мысалы, ерлердің әйелдерге қатысты күтілетін өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтық орта есеппен 3 жылда 7,2 жасқа дейін қысқарды (2020 жылға жоспар бойынша – 8,5 жас, 2023 жылға қарай – 8 жас, 2030 жылға қарай – 7 жас).

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Алматы қаласында «Жансая» мемлекеттік дағдарыс орталығы жұмыс істейді, қаланың әрбір ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдермен жұмыс істеу орталықтары ашылды. Орталықтар медициналық ұйымдармен және ішкі істер органдарымен өзара тығыз әрекет жасайды. Өткен жылы әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері санының аздап төмендеуі және балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің 48%-ға төмедегені тіркелді.

Отбасы және балалық шақты қолдау орталығы жұмыс істейді, онда отбасындағы дағдарыс кезінде балаларға уақытша күтім жасалады. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауды және бейімдеуді көздейтін тәлімгерлік институтын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Арнайы құрылған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтарында қолдау шараларымен шамамен 28 мың адам, оның ішінде 3,5 мың бала қамтылды. Көп балалы отбасылардан шыққан 700-ден астам адам жұмысқа орналастырылды.

Ерлер мен әйелдерді жұмыспен тең қамтуды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары жөніндегі жүйелі жұмыстың арқасында әйелдердің ерлердің жалақысына шаққандағы орташа жалақысының үлесі 82,6%-ды құрады (жоспар 2020 жылға қарай – 70%, 2030 жылға қарай – 75%). Жыл басынан бері мыңнан астам әйел өз бизнесін дамыту үшін грант алды. 2017-2019 жылдары тіркелген ШОБ субъектілерінің барлығы 45,9%-ы әйелдерге тиесілі.

Жалпы, Алматыда отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында белгіленген барлық міндеттерді іске асыру жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес жүргізілуде.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Алматы қалалық комиссиясының коронавирус пандемиясы кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сондай-ақ алдыңғы қатардағы медицина қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне қолдан келгенше көмек көрсету жөніндегі жұмысының оң тәжірибесін атап өтті. Қалалық комиссия мүшелері жалпы қалалық проблемалық мәселелерді шешу шеңберінде ҮЕҰ өкілдерімен және жұртшылықпен тығыз өзара іс-қимыл жасайтынын атап өткен жөн, бұл қабылданатын шаралардың тиімділігін арттырады.