Алматылық жастар аналарды Қала күнімен құттықтады

18.09.2021 03:12

Қала күні қарсаңында өткен акцияға жастар арнайы «Alma bala» деген атау беріпті

Almaty.tv

Алматылық жастар ана атанып, перзентханадан шыққан 100 нәзікжандыны құттықтады. Игі іс-шараны «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар ресурстық орталығы» және Волонтерлар лигасы арнайы ұйымдастырды. Қала күні қарсаңында өткен акцияға жастар арнайы «Alma bala» деген атау беріпті, деп хабарлайды Almaty.tv

Акция аясында қаламыздың белсенді жастары 6 перзентханаға барып, үйге шығарылып жатқан аналарға алма және сәбидің күтіміне керек заттар салынған себеттер таратты. Осылайша Алматының кішкентай тұрғындарын мерекесімен құттықтағымыз келді дейді олар.

«Қаламыздағы бүкіл перзентхананың алдында Алматы жастары осы акцияны ұйымдастырып жатыр. Бүгін біз шамамен 100 сәбиді  дүниеге келуімен, осындай тамаша қуанышты сәтімен құттықтаған болатынбыз», – деді Қалалық Jas Otan жастар қанатының төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров.

Аналар оларға көрсетілген қамқорлық пен ыстық ықыласты қуана қабыл алды.

«Мен кеше сағат таңғы 7:10 кеткенде қыз босандым. Перзентханаға екі күн бұрын түскен болатынмын. Осылай бізді құттықтап келіп жатқан Алматының жастарына рахмет!» – деді қала тұрғыны Нұрдиана Қожасова.

«Кеше ұл босандым. Дүниеге келді аман есен. Денсаулығымыз жақсы, шүкір. Қала күнімен құттықтаймын. Барлықтарыңызға, медбикелерге, еріктілерге рахмет!» – деді қала тұрғыны Саида Жүнісқызы.

Мерекелік акция  қалалық перинаталдық орталығында да жалғасты. Мұнда жылына 8 жарым мыңдай сәби дүние есігін ашады екен. Соңғы бір тәуліктің өзінде 30-ға жуық нәресте аман-есен туылған.

«Біз Алматы қаласында қауіп-қатер тобындағы әйелдерді қабылдағандықтан, бізде босанатын да, жүкті де , босанып жатқан әйелдердің де саны көп. Өйткені, Алматы қаласының әрбір 5-нәрестесі біздің перзентханада дүниеге келеді», – деді Қалалық Перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Роза Қайранбаева.

Жастардың құттықтауы бұл акциямен ғана тоқтап қалмайды. Алдағы күндері белсенділер қаламыздың басты көшелерінде автошеру ұйымдастырып, мерекелік көңіл күй сыйлайтын болады.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков,«Алматы» телеарнасы