Алматыда маскалық режимді сақтамайтындардың 80 пайызы қоғамдық көлікте кездеседі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Алматыда масканы дұрыс тақпағандарға айыппұл салынып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда масканы дұрыс тақпағандарға айыппұл салынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Яғни, бұрынғыдай бетперде тағып алып, бірақ иекке түсіріп қоюға болмайды. Қалалық мемлекеттік бас санитар дәрігердің 5 шілдедегі жаңартылған соңғы қаулысына сәйкес, маска тағуға бақылау күшейтіліп, тәртіп қатаңдатылды. Әуезов ауданынан карантин ережелерінің сақталған-сақталмағанын тексеруге шыққан мобильді топ халық көп шоғырланатын жерлерге барып, ереже бұзғандардан түсініктеме алып, әкімшілік жаза қолданды.

Күшейтілген карантин тәртібін қадағалау үшін Әуезов ауданының мониторингтік  тобы алдымен ірі сауда орнындағы дүкендердің біріне бас сұқты. Мұнда кіреберісте келушілердің дене қызуы тексеріледі. Оларға ара қашықтықты сақтау туралы ескерту айтылады. Ал бетпердені дұрыс тақпай, оны иекке іле салатындарға бұдан былай тәртіп күшейтіледі.


Әуезов ауданының халыққа қызмет көрсету орталығына тексеріспен келген мониторингтік топ мұндағы халықтың карантин ережелерін қаншалықты ұстанып жүргенін байқады. Ал сақтық шараларының бұрынғыдан да қатаңдатылған, күшейтілгеніне байланысты мұндағы бетпердені дұрыс кимегендерге бұрынғыдай тек ескертпе айтылған жоқ, олардан түсініктеме талап етілді.

Халыққа қызмет көрсету орталығында 1 адамға айыппұл салынды. Жеке тұлғаға қатысты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері хаттама толтырып, әкімшілік жазаға тартты. Жалпы карантин шараларын жүргізу кезінде басқарма мамандарымен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу бойынша 48 хаттама толтырылыпты. Олардың 14-і маска режимін бұзғандарға қатысты.

«Бүгін халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде бір әйел бетпердесін дұрыс тақпаған. Маскасын түсіріп отырды. Сол үшін айыппұл салынды, бізге түсініктемесін жазып берді. 8-ықшам ауданында спорттық алаңда жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сайран өзенінде күнделікті мониторин жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді Әуезов ауданы мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ерасыл Өкіметов.

Одан шығып, арнайы жасақталған топ қоғамдық көліктегілерді тексеруге кірісті. Мұнда да көпшіліктің маска тағу режиміне немқұрайлы қарайтындығы байқалды. Сақтық шараларын сақтамағандарға ескерту айтылып, хаттама жазылды.  

«Бетперде кимегендер 80 пайызы қоғамдық көлікте көп кездеседі. Дәріхана мен дүкендерге де маска тақпай кіретіндер бар. Оларға әкімшілік жауапкершілікті бұзғаны үшін 425 баптың 1-тармағы бойынша айыппұл тағылды. Бұл шаралардың барлығы Алматыда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында жасалуда», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Ирина Юнг.

Бұдан бөлек, карантин ережелерінің күшейтілуіне байланысты Бостандық ауданында орналасқан саябақтар мен скверлерде халықтың арақашықтықты сақтауы үшін арнайы дөңгелектер сызылған. Ал, мұндай белгілер «Тұңғыш президент», «Оңтүстік» және «Достық» саябағына да белгіленген.

Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров