Алматы шаһары алдағы жылдары одан әрі көркейіп, тұрғындар үшін жайлы бола түспек. Жетісу ауданынан бастап сонау Алатау ауданына дейінгі аралықта созылып жатқан Үлкен Алматы каналы толық жөндеуден өтеді. Бұл туралы қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн-презентация кезінде мәлімдеді. Екі сағаттық эфир барысында мегаполистің жаңаша түрленуі талқыланып, тың жобалар таныстырылды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады.
Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың қыркүйегінде «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданған болатын. Басты мақсат – қаланың жасыл қорын қалпына келтіру және оны дамыту еді. Қазір осы бойынша қыруар шаруа атқарылып жатыр. Мәселен қала әкімінің қатысуымен болған эфирде Үлкен Алматы каналының толық жөндеуден өтетіні айтылды.
«Қалада пайдаланылмай жатқан көптеген активтер бар. Сондай жерлердің бірі - Үлкен Алматы каналы. Бұл теңдесіз инженерлік жоба. Соңғы кездері оның жұмысы тоқтап тұр және ол күрделі жөндеуді қажет етеді. Арнаны қайта қалпына келтіреміз деген үлкен жоспар құрып отырмыз», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Үлкен Алматы каналының дәл қазіргі күйі осындай. Суы тартылып, бетон бағаналары әбден ескірген. Аумақ расымен жөндеу жасауға сұранып-ақ тұр. Дегенмен бұл жер алдағы уақытта адам танымастай өзгермек. Яғни, жоспар бойынша каналдың маңы абаттандырылып, мұнда жүргіншілер мен веложолдар пайда болады. Сонымен қатар, арнаның көпірлері жаңарып, суы молайып, бұл жер көз тартар әдемі демалыс орнына айналмақ.
Басқарма басшысының сөзінше бүгінде тұрғындар тарапынан каналды жаңғыртуға қатысты бірқатар ұсыныстар түсіпті. Мәселен, қалалықтардың арнайы архитектуралық жарық орнатып, арнаның өзіндік ерекшелігін айшықтау туралы ұсыныстары қолдау тауып үлгерген. Нысанның қандай кейіпке енетіні биыл қағазға түсіріліп жобасы жасалмақ. Ал тұрғындар жобалау жұмыстарына белсене араласуына болады.
БЛИЦ:
- Алматыда тұрып жатқаннан кейін отбасымыз, немереміз бар, бала-шағаның әдемі жерде ойнап-күліп демалғанына мен қарсы емеспін. Солай болса деп те ойлаймыз.
- Ойын алаңдары кішкене шаршап тұр. Сол үшін жөндесе жақсы болар еді негізі. Жаңартып, жаңа әткеншек, жаңадан жарық қойса жақсы болатын сияқты деп ойлаймын.
- Восстановить стоит все-таки красивое место. Раньше когда за Сейфуллина там и лодки были и катамараны...
Ал сәулетшілер өз кезегінде қаланың тарихи өзіне тән құндылығын сақтауға ден қойғанды жөн көреді. Яғни, бұрынғы мен бүгінгіні сабақтастыратын әрі халыққа жайлы болатын нысандар көптеп керек дейді олар.
«Мәселен, Венецияның, Италиядағы Рим қаласының өзіне тән бейнелері бар. Парижда да солай. Яғни, әр қаланың өзіне тән ерекшелігі болады. Өзіндік идеясы мен даму үрдісі болады. Бізде сондай нақты идея әлі жолға қойылмаған. Сондықтан дәл қазір қаланың бірегейлігін айшықтауды қолға алатын уақыт жетті», – деді сәулетші, қалалық сәулетшілер одағының төрағасы Сергей Мартемьянов.
Осы орайда қала әкімі мұндай көрнекті демалыс орындары әр ауданда бой көтеруі тиіс дейді. Сондай-ақ тұрғындардың талап-тілектерін ескеруге аса мән берді мегаполис басшысы.
«Нысандардың барлығы ең алдымен тұрғындар үшін ыңғайлы әрі жайлы болуы керек. Жалпы қалада 49 өзен бар. Оның ішіндегі 12-сі ірі деп саналады. Халық тек Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің маңында ғана серуендеумен шектеліп қалмауы керек. Әр ауданнан су арналары бар учаскелерді табуға болады. Олардың маңын барынша тұрғындардың игілігіне жұмсауымыз керек. Мұндай жерлер қауіпсіз әрі кез келген уақытта демалуға болатын қоғамдық аумақтар болуы тиіс», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан бөлек биыл Есентай, Жарбұлақ, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойын абаттандыру жоспарлануда. Боралдай, Тастыбұлақ, Қарағайлы өзендерін жобалау жұмысы басталып кетті.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы