2025 жылға дейін Алматыда жылдам жүретін автобус жолағының екінші кезеңі толық іске асырылмақ. Бұл туралы бүгін қаланың бас жоспарын талқылау барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жылдам рельсті көлік жүйесінің келесі кезеңі 12 шақырымды құрайды және ол Райымбек даңғылы бойында жүзеге аспақ. Сондай-ақ бас жоспар бойынша жеңіл рельсті көлік, яғни тез жүретін трамвайларды іске қосу көзделген. Трамвайлар Төле би мен Момышұлы көшелерін қамтиды. Бұдан бөлек, алдағы 5 жылда 20 км-ден аса тұйықталған магистралды көше ұзартылады.
«Атап өтетін болсақ, Тілендиев көшесі, Рысқұлов даңғылынан Солтүстік бағытта қала шекарасына дейін, Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен бастап қала шекарасына дейін батыс бағытта, Хмельницкий көшесі Түрксіб ауданындағы, Райымбек даңғылын шығыс бағытта ұзарту қарастырылып отыр», – деді мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан
Бас жоспарды талқылау барысында қаланың инженерлік жүйелерін жандандыру, жақсарту мәселелері қаралды. Мәселен 2025 жылға дейін қаланың батыс бөлігі, яғни Наурызбай ауданы толық орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылмақ. Сонымен қатар, Барлық базары маңында үлкен жерасты су қоймасы салынбақ. Бұл қосымша су беруге септеспек. Бұдан бөлек, 55 пайызға тозған құбырларды жақсарту жұмыстары жүргізілімек.
«Бір он жылдың ішінде осы мәселені шешу үшін жыл сайын 150-180 км су және кәріз құбырын ауыстыру керек. Соның бәрі осы жаңа жоспарға енгізілді. Соның ішінде мына үлкен магистралды су құбырлары бар», – деді «Алматысу» МКК ресми өкілі Серік Шағыров.