Байқаңыз! Бейқамдық қалтаңызды қақпасын. Мамандар карантин талаптарын сақтамағандарға енді кешірім жоқ екенін айтады. Тәртіп сақшылары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұдан былай, тәртіпке бағынбағандар айыппұл арқалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Індет өршіп тұрса да бетперде тағуға салғырт қарап, қаперіне ілмейтіндер әлі де азаймай тұр. Көлік жуу орталығында жұмыс істеп жатқан мұндағы қызметкерлер камера мен тәртіп сақшыларын көргеннен кейін ғана бетперделерін таға бастады
Жергілікті әкімші қанша ақталғанымен, мұнда санитарлық талаптардың да толық сақталмағаны анықталды. Ал, тәртіп сақшылары талапты бұзып, заңға бағынбағандар енді айыппұл төлейді деді.
«Жабық дүкендер және осындай қызмет көрсететін орындарда қызметкерлердің барлығы маска тағуы міндеттеледі. Қазір осы жердің әкімшілігіне айыппұл хаттамасы толтырылды. Оның көлемі 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 80 мың теңге көлемінде. Заң бұзушы оны 1 апта ішінде кешіктірмей төлесе, 50 пайыз жеңілдікпен, яғни 40 мың теңеге төлей алады», – деді Жетісу ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Ғалия Нәсіпова.
Мобильді топтың келесі бас сұққан нысаны – техникалық жабдықтар сататын дүкен. Мұнда дүкен әкімшілігі тұтынушыларда бетперденің бар-жоғын тексермей кіргізетіні анықталды.
Рейд барысында мобильді топ кәсіпкерлік нысандарынан бөлек, қоғамдық көліктерге тексеріс жүргізді. Мамандардың айтуынша, көпшілік масканы дұрыс тақпайды. Біреуі иегіне іліп қойса, енді біреуі бетін толық тұмшаламайтын көрінеді.
Бұдан бөлек, карантин ережелерінің күшейтілуіне байланысты Бостандық ауданында орналасқан саябақтар мен скверлерде халықтың арақашықтықты сақтауы үшін арнайы 165 шеңбер сызылған. Мұндай белгілер «Тұңғыш Президент», «Оңтүстік» және «Достық» саябағында да белгіленген. Алдағы уақытта қаланың басқа да саябақтарына дәл осындай 120 шеңбер сызу жоспарланып отыр.
Осылайша, карантин талаптарын сақтамайтындар әлі де болса азаймай тұр. 5 шілдеден бастап бір ғана Жетісу ауданында 28 кәсіпорнына ірі көлемде айыппұл салынған. Төрт күл дүние тұмшаланып жатқанда енді бетперде тақпайтындардың ісі қатаң қадағалайтын болады.
Ұлағат Арғын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы