|
22.01.2021 | 15:28
9448

Телерадио хабарларын тарату цифрлық жүйеге көшеді: алматылықтар нені білуі керек

Жаңа жүйенің тағы қандай артықшылығы бар?

Телерадио хабарларын тарату цифрлық жүйеге көшеді: алматылықтар нені білуі керек Almaty.tv

Ақпаннан бастап Алматыдағы аналогтық ескірген жүйе өшіріледі. Осылайша, телерадио хабарларын тарату толықтай цифрлық жүйеге көшеді. Бұл тек қалалықтар ғана емес шалғай елдімекендегі тұрғындардың телехабар мен жаңалықтарды жоғары сапада көруіне мүмкіндік береді дейді мамандар. Жаңа жүйенің тағы қандай артықшылығы бар? Аналогтық хабар тарату қиындық туғызбай ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толықтырып айтады.

Ақ сымнан антенна жасап, көрсетпей қалса, шыр айналдыратын кездер келмеске кетіп барады. Егер үйіңіздегі теледидар 2016 жылдан бұрын жасақталған болса, онда арнайы қондырғы сатып алуыңыз қажет. Содан соң теледидарды цифрлық жүйеге орай бағыттап, құрылымын өзгертуіңіз керек.

«Оған көшу үшін ескі теледидар болса, тек қабылдағыш сатып алу қажет. Сонымен бірге, бөлмеге арналған немесе тысқы антенна. Олардың бағасы 1500 теңгеден. Ал, қабылдағыштың бағасы 4 мың теңгеден жоғары. Ал егер теледидарыңыз TVDB-2 стандартты қабылдайтын болса, онда тек антенна ғана жетіп жатыр», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ PR-менеджері Лира Сералина.

Бұл – аналогтық хабар тарату желісін бақылау бөлмесі. Мұндағы ескі теледидарлардың барлығы екі аптадан соң, яғни 29 қаңтардан бастап жұмысын тоқтатады. Алматыдағы отандық арналар сол күннен бастап цифрлық хабар тарату желісіне көшеді. Оның артықшылығы көрсетілетін телевизиялық контенттің сапасы мен дауысы әлдеқайда жақсара түседі.

Айта кету керек, қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға арнайы цифрлық сигнал қабылдағыш тегін беріледі. Ол үшін жергілікті әкімдікке барып, арнайы құжаттарын өткізіп, өтініш қалдыруы керек.  

«Егер тұрғындар біздің жерсеріктік «Отау тв» немесе басқа да кабельдік операторлардың топтамаларына қосылған болса, ол тұрғындарға қорқудың қажеті жоқ. Олар көріп отырған арналарын ары қарай көре береді. Мәселе, тек аналогтік желіні көріп отырған тұрғындарға қатысты», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ PR-менеджері Лира Сералина.

Айта кетейік, арна цифрлық жүйеге ауысқаннан кейін телехабар тарату желісінде «Алматы» арнасын жергілікті қала тұрғындары 9 каналдан, ал, елордалықтар 17 каналдан, өзге өңірлер 18 каналдан таба алады. Ал, Отау ТВ отандық желісінде біз 17 каналдамыз. Барлық сұрақтарды «Қазтелерадионың» ақпарат орталығына хабарласып, сондай-ақ ресми сайтынан білуге болады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир