|
10.08.2021 | 22:39
990

Биыл Алматыда екі мыңға жуық үй көгілдір отынмен қамтылады

Бұрынғы газ құбырларының диаметрі 30 сантиметр болса, жаңасы 50 сантиметрге жетеді

Биыл Алматыда екі мыңға жуық үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал, қаланы 100 пайыз газ жүйесіне қосу мақсатында 2022 жылы магистралды газ құбырларын жүргізу шаруасы басталмақ. Осы ретте жыл соңына дейін 8 ауданда 40 шақырым желіні де қайта жаңарту жоспарланып отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Алматы қаласында халықты газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр. Мәселен, біз тұрған Алатау ауданындағы Жұбанов көшесінен бастау алып, Рысқұлов даңғылының бойымен Докучаев көшесіне келіп тірелетін аймақта газ жүйесі толық ауыстырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұнда құбырлар ескірген. Бұрынғы газ құбырларының диаметрі 30 сантиметр болса, жаңасы 50 сантиметрге жетеді. Бұл алдағы жылу маусымында газдың қысымын жоғары етіп беруге және үлкен аумақты қамтуға мүмкіндік береді.

Алатау ауданында көгілдір отынның қысымы төмен болуына жергілікті халық жиі шағымданыпты. Осы ретте мәселе бірден қолға алыныпты. Қазір 7 шақырым жерде газ құбырлары жаңартылып жатыр. Биыл мамыр айында басталған жұмыс бүгінде 70 пайызға аяқталған. Ал, қараша айында толық іске қосылады дейді мамандар.

«Алатау ауданында бұл жұмыстар бекітілген жобаға сәйкес, 2022 және 2025 жылдарды қоса алады. Жаңа аудан болғаннан кейін, көптеген жаңа үйлер қосылады. Ал, үйлердің құрылысы басталғанға дейін магистралды газ құбырлары бар жерлерге кез келген тұрғын «КазТрансГаз Аймақ»-қа барып, техникалық шарт алып, қосыла беруіне болады», – деді Алатау аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы Зиярат Қамбатыр.

Бүгінде тек Алатау ауданында іске қосылған газ құбырларының ұзындығы 880 шақырымға жетеді. Жыл соңына дейін тағы  70 үйді көгілдір отынмен қамту жоспарланыпты.

БЛИЦ:

«Табиғи газ келсе, ол да дұрыс болатын еді. Шығын азаяды. Өзімізге ыңғайлы болар еді, уақыт жоғалтпай. Оның бәрі шығын болады. Қазір газ қосып беріп жатыр», – деді Алатау ауданының тұрғыны Мейіржан Жұмабекұлы.

«Газ трубалары ескіріп кеткен. Ол алдағы уақытта апатты жағдай туғызуы мүмкін бізде. Қазір газды жаңалады», – деді Алатау ауданының тұрғыны Өркен Дүйсеев.

Жалпы өткен жылы Алматыда газ жүйесіне 6 мыңға жуық үй қосылған. Ал, биыл 1943 үйді көгілдір отынмен қамту жоспарланыпты. Осы ретте желілерге қосыла алмайтын 259 үй «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының 2022 жылғы инвестициялық бағдарламасына енгізілген.

«Өткен жылы 77 шақырым аумақта құбырлар қайта жаңартылған болатын. Яғни, 265 шақырым газ жүйесін салу негізінде 4 мыңнан аса тұрғын үй көгілдір отынмен толық қамтылып отыр. Ал, биыл 2021 жылы жалпы соммасы 2,7 миллиард теңге қаржыға 40 шақырым аумақта тағы да жаңа құбырлар жүргізетін боламыз», – деді «ҚАЗТРАНСГАЗ аймақ» АҚ АҚӨФ жетекші маманы Мансұр Избакиев,

Бүгінгі таңда Алматы қаласы Әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үйлерді 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделген. Осы ретте барлық 8 ауданда 40 шақырым желі қайта жаңартылмақ.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир