Алматы ең үздік smart тәжірибелерді қолданатын «ақылды қалаға» айналады

Карантин кезінде қолға алынған жобалардың бірі «виртуалды ассистент» жүйесі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы ең үздік smart тәжірибелерді қолданатын «ақылды қалаға» айналады. Бұл – Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен бектілген «Алматы-2050» стратегиясының бағытының бірі. Жоба аясында құжаттарды egov.kz порталында рәсімдеп, тіпті анықтамаларды әлеуметтік желілер арқылы алуға болады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Сымбат Ноғайдың материалында.

Карантин кезінде қолға алынған жобалардың бірі «виртуалды ассистент» жүйесі. Бейне қоңырау арқылы өтетін онлайн процесс үшін тек жеке куәлігіңіз керек. Мұндай бір көмекші 500-ден астам қызмет түрін көрсете алады.

Енді анықтама алу үшін орталықтарға келіп табан тоздырудың қажеті жоқ. Қандай да бір қызмет түрін қолдану үшін компьютер немесе ұялы телефон арқылы egov.kz порталындағы оператор көмегіне жүгінуге болады. Ал, егде жастағы қала тұрғындары үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы кеңесшілер бар.

«Өзімізге керек құжаттардың бәрін үйде отырып ала береміз. 1414-ке хабарласамыз білмеген сұрақтарымыз болса. ИИН нөмірімізді теріп, бір реттік парольмен кіріп ала береміз», – деді қала тұрғыны Дәурен Қалуов.

Одан өзге Вконтакте және Telegram әлеуметтік желілеріндегі ақылды боттар ондаған қызмет түрін көрсетеді. Онымен қоса Youtube қосымшасына порталды өздігінен меңгеруге арналған видеосабақтар күнделікті салынып отырады. Ал, мекеме қызметкерлері қала тұрғындарын карантин кезінде орталыққа келмей, барынша онлайн-сервисті қолдануға шақырады.

«Халыққа айтатынымыз, үйде компьютеріңіз болмаса, телефон арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн алғыңыз келсе, алдымен Google немесе Яндекс іздеу жүйелері арқылы осы қызмет түрін қалай алуға болады деп жазып көріңіз. Сонда біздің корпорацияның дайындаған көптеген видеороликтерін көруге болады», – деді қалалық ХҚКО департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл Апетова.

Айта өту керек, қазір мегаполис бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында 119 бейне операторы жұмыс істейді. Бір кеңесшіге күніне шамамен 100-ге жуық қоңырау келіп түседі екен.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров