Ауданда «Шыңға өрлеу», «Іскер ана», «Әуен әлемі» секілді әлеуметтік жобалар да іске асуда
Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету қарқынды жүзеге асуда. Бір жылдың ішінде Бостандық ауданындағы 450-ден аса мүгедек жан түрлі сала бойынша курстан өтіп, 22-сі жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, ауданда «Шыңға өрлеу», «Іскер ана», «Әуен әлемі» секілді әлеуметтік жобалар да іске асуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
44 жастағы Әлима Абдуллақызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсететін «Тең қоғам» орталығында еңбектеніп жүргеніне биыл екі жыл болыпты. Көмекке мұқтаж бірталай жанға қол ұшын созып, жұмысқа орналасуына септескеніне іштей разы болған қызметкер көз жасына ерік береді.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шешілмей жатқан мәселесі көп. Сондықтан сондай мәселені шешуге көмектесіп жатырмыз. Негізі әрбір адам өзінің жұмысынан ләззат ала білуі керек», – деді Бостандық ауданындағы «Ten qogam» орталығының кеңесшісі Әлима Бейсенбаева.
Қазір мұнда 22 маман бар. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс істейді. Былтырдың өзінде 450-ден аса кембағал жан бағдарламаны игерсе, биыл 60-қа жуығы оқып жатыр.
Қазіргі пандемия жағдайына байланысты Бостандық ауданында орналасқан бұл әлеуметтік қолдау орталығына күнделікті 6-ға жуық адам келеді. Көпшілікпен етене араласып, өз кәсібін ашамын деген мүмкіндігі шектеулі әйел адамдар мен ер азаматтарға кәсіпкерлік, психологиялық, құқықтық кеңестер беріледі. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орнын қалай тауып, оны сақтап қалу қажеттігі туралы курстар да ұйымдастырылған.
Ал «Әуен әлемі» орталығы аудан балаларының ең сүйікті орындарының бірі. Мұнда домбыра, шаңқобыз бен қылқобыз секілді аспаптарда ойнау тегін үйретіледі. Жоба жылына 400 баланы оқытуды көздейді.
«2020 жылы ақпан айында ашылдық және қазіргі таңда әр мектеп бойынша 30-40 бала біздің орталықта білім алады. Пайдасы – дәстүрімізді өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында домбыраны үйрету», – деді Бостандық ауданындағы «Әлем әуені» орталығының меңгерушісі Әбіш Оразәлиев.
Сондай-ақ, ауданда көпбалалы отбасылар мен балаларға арналған игі бастамалар да жүзеге асуда. Мәселен, «Іскер ана» жобасы биыл 100 келіншекті оқытуды көздесе, «Шыңға өрлеу» бағдарламасында 10 адамды жұмыспен қамтып, 400 оқушыға арналған 8 үйірме ашу жоспарланып отыр.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы