Алматыда коммуналдық мекемелер күз алдындағы тазарту жұмыстарына қызу дайындықты бастап кетті

Алматыда коммуналдық мекемелер күз алдындағы тазарту жұмыстарына қызу дайындықты бастап кетті
Қала бойынша тұрмыстық қалдықтарға арналған бір жарым мыңдай орын бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдан күніне мың тоннадан астам қоқыс шығарылады. Ал, жапырақтардың түсуімен қоқыстың үлесі артып, тазалыққа жауапты мамандарға жүктеме арта түспек. Осы ретте қаладағы 25 коммуналдық мекеме күз алдындағы тазарту жұмыстарына қызу дайындықты бастап кетті. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатады.

Қала бойынша тұрмыстық қалдықтарға арналған бір жарым мыңдай орын бар. Сондай-ақ, пластик, шыны сынды қалдықтарды тастау үшін 900-ден аса экожәшіктер орнатылған. Көппәтерлі тұрғын үй қоқыстары таңғы 07.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жиналады. Ал, жеке секторларда өзара бекітілген кесте бойынша жүргізіледі.

«Алматы қаласы бойынша қоқыс жинаумен 25 мекеме айналысады. Жалпы қоқыс алынатын орындардағы контейнерлер маңында қайталама шикізатқа арналған торлы жәшіктер орнатылуда. Бүгінде олардың саны 900-ден асады», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы бөлімінің бас маманы Керімхан Әбдіраман.

Көктем келе қала ағаштарын күтіп баптау, әсіресе, суару мәселесіне де ден қойылды. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес жасыл желектерді сумен қамтамасыз ету күшейтілді. Мәселен, бір ғана Әуезов ауданында күнделікті ұзындығы 25 шақырым болатын арық жүйесіне су жіберіліп отырады.

«Жасыл аумақты жолдар бізде техникалық қолданыс арқылы суғарылуда. Онымен қоса автоматтандырылған түрдегі суғару жүйелеріне қосу арқылы суару жұмыстары жүргізіледі», – деді Әуезов ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы

Әлімжан Саяхмет.

Ал, көк майсаның жайқалып өсуі үшін суармалы арықтардың әрдайым тазартылып тұруы маңызды. Қазір аудан бойынша 85 көшеде ұзындығы 211 шаршы шақырым болатын арық желісінің арнасы тазартылуда. Күнделікті бір бригада 5 шақырымдай аумақты қамтиды екен.

«30 адам, 9 техникамыз бар. Осы Әуезов ауданының арығын тазалаймыз. Жауын-шашын кезде қосымша бригадамен шығамыз. Күшейтіледі жұмыстар», – деді коммуналдық мекеменің қызметкері Дәурен Қыстаубаев.

Мамандар қаланың әсем келбетін сақтауда тұрғындарды да ат салысуға шақырады. Себебі бұл баршаға ортақ міндет.

«Барлық жер таза, қоқыс жатқанын көрмейсің. Енді әр ұйым өз жұмысына жауап береді ғой. Жақсы, жауапкершілікпен қарап жатырмыз», – деді қала тұрғыны Құрманғали Дербісәлиев.

«Барынша тазалық жасап жатыр. Арықтарды тазалап. Жолдың жиегіндегі арықтар тазаланып, жақсы жұмыстар жүргізіліп жатырмын деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Баян Советова.

Шаһарда жиналған қоқыс Алатау ауданындағы өңдеу кешеніне жіберіледі. Онда қалдық сұрыпталып, пластик, металл, целофан өнімдері қайта өңделіп шығады.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров