«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жүзден аса алматылық түрлі салада қызмет етіп жүр
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жүзден аса алматылық түрлі салада қызмет етіп жүр. Игі бастама тәжірибесіз жастарды жұмыспен қамтуды көздейді. Себебі еңбек өтілінсіз екі қолға бір күрек табу оңай шаруа емес. Қазірдің өзінде 100-ден аса мекеме жастарға тұрақты жұмыс беруге дайын. Ал, мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін қандай талаптар қойылады? Қай мамандық иелеріне сұраныс жоғары? Almaty.tv тілшісінің материалында.
Альбина Сағымбекова университетті тәмамдаған соң, бірден жұмыс табу қиынға соғыпты. Басты кедергі – тәжірибенің жоқтығы. Бүгінде ол жұмыспен қамту орталығының арқасында тұрақты жұмысқа орналасқан.
«Резюмемді тастап, осы жұмысқа кірдім. Оператормын. Жұмыс жақсы, ұнайды өзімізге. Келген көліктердің нөмірлерін жазып, сигнализацияға запись жазып отырамын», – деді қала тұрғыны Альбина Сағымбекова.
Жобаға 29 жасқа дейінгі тәжірибесі жоқ жұмыссыз жастар қатыса алады. Көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектерге басымдық беріледі.
«Жұмыс беруші келісімшарт негізінде «Еңбек» бағадрламасы қатуысушысына тұрақты жұмыс береді. Жастар онда кем дегенде 24 ай жұмыс істеуі тиіс. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алғашқы 12 айдың еңбекақысын төлейді. Ол 20 айлық есептік көрсеткіш», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығы бөлім жетекшісінің міндетін атқарушы Дәмелі Жолдасова.
Үміткерлер Достық 85 мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына жеке куәлігі мен білімі туралы құжат көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады. Айта кетейін, онда жұмыссыздарды қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асуда.
«Азаматтар осы жерге келіп, сұрақтарына жауап ала алады. Және онлайн форматта enbek.kz сайтынан сұрақтарына толық жауап ала алады. Біздің бағдарлама бойынша «Жастар тәжірибесіне», қоғамдық жұмысқа және әлеуметтік жұмыс орнына жолдамаларды сол жақтан алуға болады», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығы бөлімінің маманы Өсербай Тұрсынбаев.
Қазір қала бойынша 106 мекеме халықты жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт жасаған. Бос орындар бойынша, әсіресе, техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне сұраныс жоғары.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Бос орындар тізімі:
тәрбиеші
дизайнер
маркетолог
заңгер
журналист
психолог
экономист
тігінші
әкімші
кеңсе менеджері
курьер
биотехнолог
көлік жүргізушісі
аудармашы
күзетші
қаржыгер
мұғалім
электрші
бухгалтер