Жылы мезгіл басталысымен кене шағу қаупі артады. Кене - кене энцефалиті сияқты қауіпті жұқпаны тарататын жәндік. №36 қалалық емхананың дәрігер-инфекционисі Қайдарбек Мерей мұндайда уақыттың әр минуты қымбат екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде дәрігерге қаралу қажет. Дәл осы кезеңде кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу тиімді, ол аурудың даму қаупін төмендетеді.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, шұғыл көмек - кенені алу, иммуноглобулин енгізу - қалалық ауруханалардың жарақат пунктерінде көрсетіледі.
Егер кене қаладан тыс жерде шақса және бірден дәрігерге жүгіну мүмкіндігі болмаса, алғашқы көмекті дұрыс көрсету маңызды.
Кенені пинцетпен не жіппен теріге барынша жақын жерінен ұстап, асықпай, айналдыра отырып шығару керек. Одан кейін шаққан орынды антисептикпен өңдеу қажет. Мүмкіндік болса, кенені кейін зерттеу үшін ішіне дымқыл мақта салынған таза ыдысқа салып сақтаған жөн. Мамандар кенені алу кезінде май немесе спирт қолдануға кеңес бермейді - бұл инфекцияның қанға түсу қаупін арттырады.
Кенені өзіңіз алып тастағанның өзінде дәрігерге қаралуды кейінге қалдыруға болмайды. Қауіп деңгейін тек маман бағалап, қажет болса иммуноглобулин енгізеді.
Алдын алудың ең тиімді жолы - кене энцефалитіне қарсы екпе салдыру. Екпе емханада және жекеменшік медициналық орталықтарда жасалады. Вакциналау 1-3 ай аралығымен екі кезеңнен тұрады, кейін 5 айдан 1 жылға дейін қайта егіледі. Екпені маусым басталғанға дейін, яғни күзде не қыста алған дұрыс, сонда иммунитет уақытында қалыптасады.
Маңызды: кене шаққаннан кейін жоспарлы вакцина қорғамайды. Мұндай жағдайда шұғыл алдын алу қажет. Дәрігерлер кене шағуын елемейге, дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Бұл ауыр асқынулардың алдын алады.
Оқи отырыңыз: Алматыда өңірлік «Аналитика мектебіне» өтінім қабылдау басталды: қатысушылар қаланың болашағы үшін шешімдер әзірлейді