2022 жылдың мамырда 320 орындық мектепке дейінгі ұйымның құрылысы басталған
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданында жаңадан салынған балабақшаны аралады, деп хабарлайды Almaty.tv.
320 орындық мектепке дейінгі ұйымның құрылысы 2022 жылдың мамырда басталған болатын. Жоба екі бөлікке бөлінді – ғимаратты тұрғызу және аумақты көріктендіру мен инженерлік желілерді салу. Алайда мердігер ұйымдардың шарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты жобаның іске асу мерзімі кешікті.
Осыған байланысты Құрылыс басқармасы "Астана-Стройинвест" корпорациясы ЖШС және "Теплоэнергострой" ЖШС-ға қатысты мемлекеттік сатып алуларға міндетіне салғырт қарайтын жауапсыз қатысушы деп тану және айыппұл өндіру туралы сот талаптарын берді. Бірінші мердігерге қатысты талап-арыз толық қанағаттандырылды, ал екінші талап қаралуда.
Қазіргі уақытта балабақшаның құрылысы мен ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталды, аумақ абаттандырылып, қажетті жабдықтар орнатылды. Сондай-ақ барлық инженерлік желі тартылып, қосылған. Яғни, нысан толық аяқталып, пайдалануға беру рәсімдері жүргізілуде.
Ғимаратта балаларға арналған арнайы оқу орындары, соның ішінде гимнастика және музыка сабақтарына арналған залдар, сондай-ақ қызметкерлерге арналған бөлмелер қарастырылған. Жоспарлау шешімдері әртүрлі топтардың бір-бірінен және әкімшілік-шаруашылық бөлмелерден барынша оқшаулану қағидасын қамтамасыз етеді. Нысанды тексеру қорытындысы бойынша қала басшысы құрылыс және білім беру басқармаларының басшылығына бірқатар кемшілікті көрсетіп, оларды қысқа мерзімде жоюды жүктеді.
"Аудан белсенді дамуда және жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында осы шағын ауданда тағы бір балабақша салу туралы шешім қабылданды. Халық оның ашылуын күтіп отыр, сондықтан барлық ескертуді жедел түрде жойып, жыл соңына дейін балабақша балаларды қабылдай бастау керек", – деді Ерболат Досаев.
Айта кету керек, Наурызбай ауданында 148 балабақша жұмыс істейді. Келесі жылы орын тапшылығын азайту мақсатында тағы екі 320 орындық балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев «Каргалы» сүзгі станциясының кәріз коллекторы құрылысының барысымен танысты