Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Hyundae Medical көпсалалы ауруханасының президенті, доктор Ким Бу Собпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар Алматы қаласында заманауи «SLG-Hyundae» көпсалалы ауруханасын салу жөніндегі бірлескен жобаны талқылады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жоба қазақстандық «Шин-Лайн» ЖШС мен Оңтүстік Кореяның жетекші медициналық мекемелерінің бірі Hyundae General Hospital арасындағы әріптестік аясында жүзеге асырылмақ. 1998 жылы құрылған клиникада 400-ден астам орын бар, 29 медициналық бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 65 млн АҚШ доллары. Аурухана 200 орынға есептелген. Онда стационарлық және амбулаториялық бөлімшелер, оталық блок, диагностикалық орталықтар және цифрлық медициналық жүйелер қарастырылады. Жобаны жүзеге асқанда 463 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қала әкімі бұл жобаның Алматының медициналық инфрақұрылымын дамыту, озық технология енгізу және халықаралық стандарттарға сай білікті медициналық маман даярлау тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атады. Әкімдік тарапынан жер телімі беріліп, салалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп маман даярлауға қолдау көрсетілетіні айтылды.
Жобаны жүзеге асыру Алматы тұрғындары үшін медициналық қызмет сапасын арттыруға, өңірде медициналық білім мен медициналық туризмді дамытуға, сондай-ақ қала мен ел экономикасына мультипликативті әсер етеді.
Оқи отырыңыз: Бостандық ауданындағы 67 үйдің қасбеті қалалық бағдарлама аясында жөнделеді