Алғашқы дауыс: 18 жастағы алматылықтар өз таңдауын жасады

23.08.2026 14:48

Алғаш рет дауыс берген жастарға сыйлықтар табысталды

Алғашқы саяси тәжірибе. Алматыда кәмелет жасына толған азаматтар бірінші рет дауыс беру құқығына ие болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

18 жастағы Малика Жапарова №95 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасап, алғашқы сайлау бюллетенін алды. Бір қызығы, Малика – өзі дауыс берген №95 мектеп-лицейдің түлегі.

Жалпы, Алматыда сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап жастардың белсенділігі байқалады. Олардың көпшілігі үшін бүгінгі дауыс беру – елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысудағы алғашқы қадам.

Алмалы ауданында келушілер үшін арнайы фотоаймақ ұйымдастырылып, оларға естелік кәдесыйлар мен сыйлықтар табысталып жатыр. Мұндай бастамалар жастардың сайлау күнін есте қаларлықтай өткізуіне мүмкіндік береді.

«Бүгін Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Мен осы мектептің түлегімін. Ал биыл 18 жасқа толғандықтан, алғаш рет дауыс беру үшін өз сайлау учаскеме келдім. Әр азамат өз таңдауын жасап, елдің болашағына өз үлесін қоса алады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Малика Жапарова.

Сондай-ақ бүгін шаһардағы сайлау учаскелерінің жанында түрлі жәрмеңкелер, мәдени және интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылуда. №114 учаскеде шығармашылық ұжымдар концерттік бағдарлама ұсынып, домбырашылар халық күйлері мен музыкалық шығармаларды орындады.

Қала тұрғындарының басым бөлігі таңдау жасауға отбасыларымен келіп жатыр.

Айта кетейік, Алматыда бір қалалық, сегіз аудандық, жалпы саны тоғыз аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Дауыс беруді ұйымдастыруға және өткізуге учаскелік сайлау комиссияларының 4 мың 658 мүшесі мен аумақтық сайлау комиссияларының 63 мүшесі жұмылдырылған.

«Азаматтарымыз жылдан-жылға өздерінің азаматтық борышын өтеуге көптен қосылып жатыр, белсенді қатысып. Бүгінгі біздің комиссия мүшесінің жұмысы толықтай дайын. Бақылаушылар келіп отыр. Олар да заңға сәйкес, бүгінгі өтіп жатқан іс-шараның дұрыстығын, әділдігін бақылап отыр», – деді №114 сайлау учаскесінің төрағасы Қарлығаш Ошанова.

Оқи отырыңыз: Халықаралық бақылаушылар Алматыдағы сайлау барысын жоғары бағалады

Толық көрсету