Алмалы ауданында жаңа мектеп салынып, Оқушылар үйі пайдалануға берілді

Қазір ауданда 43 мектеп жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында биыл 1500 орындық мектеп салынып, жаңа Оқушылар үйі пайдалануға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде тілшілермен жүздескен аудан әкімі Арман Шамшин айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның мәліметінше, қазір Алмалыда 43 мектеп жұмыс істейді. Қазір солардың екеуінде қосымша ғимарат салынып жатыр. Бұдан бөлек, аудандағы 4 білім мекемесін сейсмикалық тұрғыда берік қылу жұмысы қолға алынған.

Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір маңызды бағыты – денсаулық сақтау саласы. Аталған аудандағы №3 қалалық емхана күрделі жөндеудеп өтіп, жақында ел игілігі үшін қолданысқа берілмек. Сонымен қатар Төреқұлов көшесі мен Жібек жолы даңғылында орналасқан Адам репродукциясы қалалық орталығының екі корпусын жаңарту аяқталуға жақын. 

Айта кетейік, бұл аумақта бүгінде 12 мемлекеттік және 13 жекеменшік медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді.  

«Құрылыс басқармасы №1 перзентхана құрылысы бойынша және Әйтеке би – Масаншы көшелерінің қиылысында 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы бойынша мердігер ұйымды анықтау мақсатында байқау өткізіп жатыр. Тастақ ауданында, Райымбек даңғылы 312 мекенжайында орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталығының құрылысы ерекше маңызға ие», - деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.

Сондай-ақ Арман Шамшиннің айтуынша, Алмалы ауданында биыл 4,5 мың шам жаңартылады деп жоспарланған. Қазір оның 1 901-і дайын екен. Сонымен қатар модернизация бағдарламасы аясында 58 шақырым жаңа кабель тартылмақ.

Аудан әкімінің айтуынша, қаланы қауіпсіз әрі жайлы қылуда жарықтың орны ерекше. Сондай-ақ, Арман Шамшин Халық қатысатын бюджет бағдарламасының қарқын алып келе жатқанын жеткізді. Биыл ауданда 45 жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы сомасы шамамен 2 миллиард теңге болады екен. Оның 23-і аулаларды жөндеуге, 18-і саябақтар мен скверлерді абаттандыруға, 4-уі аулаларды көгалдандыруға бағытталады. Сондай-ақ аудан әкімі жылу жүйелерінің жай-күйі туралы мәлімет берді.  

«Алмалы ауданындағы жылу жүйелері 62, су құбырлары 73, кәріз жүйесі 80%-ға тозған. Қазір су құбырының 1,6 шақырымын қайта қалпына келтіріп жатырмыз. 10 көшенің бойына кәріз салына бастады. 12,3 шақырым жылу және 4,4 шақырым электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қыркүйекке дейін асфальттау мен жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз», - деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.

Оқи отырыңыз: Бүгіннен бастап су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға өседі

Новости партнеров