Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты хайуанаттар бағында 8-18 қаңтар күндері ұйымдастырылған «Шыршаны тапсыр» экологиялық акциясы мәресіне жетті. Акция аясында қала тұрғындары жаңа жылдық табиғи шырша, майқарағай және қарағай ағаштарын хайуанаттар бағына өткізіп, жануарлардың мекен ету ортасын жақсартуға атсалысты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жиналған ағаштар тұяқты жануарлардың кей түрлері үшін азық қана емес, сонымен қатар маймылдар, жолбарыстар, аюлар мен леопардтар үшін «ойыншық» ретінде қолданылды. Бұдан бөлек, қылқанжапырақты ағаштар мен бұтақтар харзаларға, атжалмандарға, кірпілерге және жайраларға жұмсақ төсеніш қызметін атқарды.
Акцияға бірнеше гүл сататын дүкенді қосқанда, 50-ден астам адам қатысты. Тапсырылған ағаштардың ішінде тамыр жүйесі сақталған үш шырша да бар – олар хайуанаттар бағының аумағына отырғызылады.
«Акцияға белсенді қатысқан барлық қала тұрғынына және шараны кеңінен жариялаған БАҚ өкілдеріне шынайы алғыс білдіреміз. Осылайша біз көп мөлшерде қылқанжапырақты ағаш пен бұтақ жинай алдық. Жануарлар үшін бұл қорек қана емес, сонымен бірге мекен ету ортасын жақсартуда маңызы зор: вольердегі әрбір жаңа зат – жаңа иіс, жаңа дәм және зерттеуге мүмкіндік», – деді Алматы хайуанаттар бағының ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Ақжами Елеманова.
«Шыршаны тапсыр» экологиялық акциясы табиғат пен жануарларға қамқорлық жасау әрбір адамға қолжетімді әрі қарапайым іс екенін тағы бір мәрте көрсетті. Алматы хайуанаттар бағы барлық қатысушыға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіреді және алдағы уақытта да осындай бастамаларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қала тұрғындарын мереке аяқталғаннан кейін де қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, экологиялық тұрғыдан тиімді шешімдер табуға шақырады.