Алматы-2040: Бас жоспар аясында қаланы көгалдандыру деңгейі 3 есе артады

30.06.2026 21:12

Шаһардың жандана түсуі үшін жасалған болашақ Бас жоспар жиылған қауым арасында қызу талқыға түсті

Жасыл қала, таза ауа, сапалы тіршілік нәрі. Алматыда қаланың 2040  жылға дейінгі Бас жоспарына экологиялық тұрғыда енгізілетін түзетулер бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Жиынға қала тұрғындары, экологтар, сарапшылар мен жауапты басқарма басшылары қатысып, шаһардың экологиялық даму бағытын талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Шаһардың жандана түсуі үшін жасалған болашақ Бас жоспар жиылған қауым арасында қызу талқыға түсті. Соның ішінде жұрт қаланы көгалдандыру мәселесіне баса назар аударып, қаладағы жасыл қордың жай-күйін сұрады. Жауаптылардың сөзінше, қазір бір тұрғынға шаққанда жасыл желекпен қамту деңгейі 5 шаршы метр екен. Алдағы уақытта оны 16-ға жеткізу үшін жыл сайын 10 мыңнан аса ағаш отырғызу көзделіпті. Сондай-ақ өзен жағалауларын көгалдандыру, жасыл желек алқаптарын ұлғайту да қолға алынбақ. Бұдан бөлек, қала халқын қоқыстарды өңдеу мәселесі де алаңдатады екен. Бұл ретте мамандар қалдықты қайта өндіру деңгейін едәуір арттыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді. 

«Алматы қаласында халықтың өсу деңгейі байқалып отыр. Қалдықтармен жұмыс істеу мәселесі қалай шешіледі? Қоқыстарды бөлек жинау, қайта өңдеу, көму, көмуді азайту үшін қандай экологиялық шаралар көзделген?» – деді қала тұрғыны.

«Ең біріншіден, жеке жинақпен қаланың 100 пайызын қамтамасыз ету. Екіншіден, қалдықтарды өңдеу. Қалдықтан қалған, өңдеуге жарамайтын қалдықтарды ғана энергетикалық утилизацияға жібереміз. Сондықтан, қалдықтардың өндіру пайызын 18 пайыздан 60 пайызға дейін көтереміз»,– деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ консорциумы құрамындағы экологиялық бағалау әзірлеушілері тобының жетекшісі Гүлнұр Жүнісова.¤

Сондай-ақ жиында тұрғындар халық санының артуы мен тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты ауыз сумен қамту мәселесіне де ден қойды. Сауалдарға жауап берген Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы бүгінде түйткіл Наурызбай мен Бостандық аудандарының кей бөлігінде өзекті екенін айтады. Ал мәселені шешу үшін  жаңа су алу нысандары мен сүзгі стансаларын салу, қолданыстағы су көздерінің қуатын кеңейту және инженерлік желілерді жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

«Қалалық су желісі 14 басқарылатын жергілікті аймақтарға бөлінсе, алдағы уақытта оның саны 30-дан асады. Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, су шығынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Осы шаралардың нәтижесінде есепке алынбаған су шығынын 25 пайызға дейін төмендету және халықтың 85 пайызын «ақылды» су есептегіштерімен қамту жоспарланып отыр», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай.

Қаланың қарқынды дамуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – таза ауа екені белгілі. Бұл ретте сарапшылар экологиялық ахуалды жақсартудың басым бағыттарына тоқталды. Сөздерінше, күнделікті мегаполиске өзге өңірлерден 250 мың автомобиль кіреді. Ал жылына қаладағы ауаға таралатын зиянды заттардың 60 пайызы тек темір тұлпарларға тиесілі екен. Осыған байланысты көлік саласын экологиялық реттеу қолға алынған. Бұл ретте 2040 жылға қарай мегаполистегі метро желісінің ұзындығын төрт есеге ұлғайту, екі SkyTrain желісін іске қосу жоспарланып отыр.

«Алматы бүгінде моноорталық үлгісімен дамып келеді. Бұл, ең алдымен, көлік жүктемесінің артырады. Сондықтан бұрынғы ауылдық аумақтарды қалалық кеңістікке айналдыру үшін жаңғырту жұмыстары қажет. Ал полицентрлік даму үлгісі - қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтады, қала жоғары жылдамдықты қоғамдық көлік желілері арқылы байланысады. Мұндай тәсіл шаһардың теңгерімді дамуына, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді», – деді  «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.

  Осылайша, қоғамдық тыңдаулар 4 сағатқа жалғасып, тұрғындар мазалаған сауалдарына жауап алды. Ал қаланың экологиялық болашағына қатысты ұсыныстар мен ескертулер ескерусіз қалмақ емес.

Аяулым Көлжігіт, Хангелді Ахметханов, Ғани Қалуов