Корея нарығында Алматыға деген қызығушылық артып келеді
Оңтүстік Кореяның Busan e-FM радиостанциясының эфирінде халықаралық бағдарламасы аясында Алматының туристік бағыт ретіндегі әлеуетіне арналған шығарылым жарық көрді. Бұл туралы қалалық Туризм басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
City Voyage with TPO – Busan e-FM радиостанциясы мен Tourism Promotion Organization for Global Cities (TPO) ұйымының бірлескен жобасы. Бағдарлама халықаралық аудиторияны ұйымға мүше қалалардың туристік әлеуетімен таныстырады.
Шығарылымда Алматының туристік мүмкіндіктері, көрікті жерлері, мәдениеті, сондай-ақ саяхатшыларға арналған қалалық және таулы бағыттар туралы айтылды. Бағдарламаны Busan e-FM радиостанциясының YouTube арнасынан көруге болады.
Корея нарығында Алматыға деген қызығушылық артып келеді. 2025 жылы қалаға Корея Республикасынан 23,2 мың турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,3%-ға көп. Бағдарламаның жарық көруі Алматының туристік мүмкіндіктерін кореялық аудиторияға таныстыруға қосымша мүмкіндік берді.
Busan e-FM – 2009 жылы Пусан қаласының ішінара қаржыландыруымен құрылған Оңтүстік Кореядағы алғашқы жергілікті ағылшынтілді радиостанция. Радиостанция Пусан қаласының жаңалықтары мен тыныс-тіршілігін, сондай-ақ шетелдік тұрғындар мен халықаралық аудиторияға арналған туризм және көлік тақырыптарын қамтиды.
Алматы туралы шығарылым осы халықаралық ақпараттық бағыттың бір бөлігіне айналып, ағылшынтілді аудиторияға қаланың туристік мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.