Тұрғындардың бірі шағынауданда көпқабатты үйлер көбейгенімен, әлеуметтік нысандар жеткіліксіз екенін айтты
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қала тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым және абаттандыруға қатысты мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қабылдауға келген азаматтар көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың жағдайы, мектептер маңындағы қауіпсіздік, жасыл желектерді суару, балаларға арналған спорт алаңдарын салу, ескі үйлердің қасбетін жаңарту секілді мәселелерді жеткізді. Қала әкімі тұрғындардың әрбір өтінішін тыңдап, жауапты басқармалар мен мамандарға оларды бақылауға алып, жақын арада шешу жөнінде тапсырма берді.
– Мен Саин көшесіндегі №4-көпқабатты үйдің тұрғынымын. Біздің үй өте қауіпті жағдайда тұр. Шатырымыз тесік, жаңбыр жауса, су үшінші қабатқа дейін өтеді. Сонымен қатар жертөледе жарық жоқ, инженерлік желілер де ескірген. Бізде басқарушы компания да құрылмаған. Қала әкіміне осы мәселелерді айтып келдім. Шаһар басшысы оларды жедел шешуді тапсырды. Алмалы ауданының әкімі жағдайды бақылауға алды, – деді қала тұрғыны Жұлдыз Жомартова.
Қабылдау барысында әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мәселесі де көтерілді. Тұрғындардың бірі шағынауданда көпқабатты үйлер көбейгенімен, әлеуметтік нысандар жеткіліксіз екенін айтты.
– Біздің шағынауданда көпқабатты үйлер өте көп салынған. Алайда әлеуметтік нысандар жетіспейді. Біз бұл мәселені көтеріп жүргенімізге 5 жылдай болды. Әкімдік өтінішімізді ескеріп, былтыр мектеп ашып берді. Енді емхана салу жұмыстары қолға алынды. Ол үшін жер телімі де сатып алынған. Бұған дейін Бостандық ауданы тұрғындары медициналық көмек алу үшін Алмалы ауданына баратын. Бұдан бөлек, қазір өрт сөндіру депосы мен учаскелік полиция пунктін ашу мәселелері де қаралып жатыр, – деді қала тұрғыны Қанат Тыныбеков.
Қала тұрғыны Евгений Зенцов тұрғынүй кешенінің электр желілерін коммуналдық меншікке беру және лифтілерді жаңғырту мәселесін көтерді.
– Мен қала әкіміне тұрғынүй кешенінің электр желілерін коммуналдық меншікке беру және лифтілерді жаңғырту мәселесімен келдім. Жеделсатыларымыздың жағдайы мәз емес. Себебі құрылыс компаниясы сапасы төмен лифтілер орнатқан. Үш-төрт жылдан кейін оларды жаңғырту мәселесімен арнайы компанияға жүгіндік. Алайда біздің үй биылғы қаржыландыруға ілінбей қалды. Шаһар басшысы бұл мәселені қарастырып, мүмкіндігінше қаржы бөлу жөнінде тапсырма берді. Алдағы уақытта жаңа жылды жаңа жеделсатымен қарсы аламыз деп сенеміз, – деді Евгений Зенцов.
Алматы әкімінің азаматтарды қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер жан-жақты зерделеніп, қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылдау үшін жауапты құрылымдарға тиісті міндеттер жүктеледі. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалу мерзімі бақылауға алынады.