Алматы Дженнифер Лопес концертін өткізуге толық дайын

07.08.2025 14:48

Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, инфрақұрылым толық жаңғыртылды

Алматыда әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концертіне дайындық қарқынды жүріп жатыр. Үш күннен кейін Орталық стадионда өтетін бұл кешке 25 мыңға жуық көрермен жиналады деп жоспарланған. Сол себепті қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құшағына 23 мың 800 жанкүйерді сыйдыратын дәл осы Алматының Орталық стадионында алдағы демалыс күні әлемдік поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопестің концерті өтеді. Көпшілік күткен шоуға қазір дайындық қызу. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сахна құрылып, техникалық жұмыстар пысықталып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл еліміздегі ең ауқымды музыкалық іс-шаралардың бірі болмақ.

Жауаптылардың мәліметінше, америкалық поп жұлдыздың концертіне арналған билеттер небәрі 6 сағаттың ішінде толық сатылып кеткен. Олардың шамамен үштен бірі шетелден келетін көрермендерге тиесілі екен. Осыған байланысты кештің жоғары деңгейде өтуі үшін барлық қажетті шаралар қолға алынған. Мәселен, өнерсүйер қауым үшін стадионға кіретін үш негізгі бағыт белгіленген. Негізгі кіреберіс Абай даңғылы бойында орналасса, қосымша өту нүктелері ретінде Байтұрсынов, Сәтбаев және Шагабутдинов көшелерінің қиылысы қарастырылған. Сонымен қатар стадион аумағында 300-ден аса ерікті қызмет етіп, қонақтарға дұрыс бағыт сілтеп, қажетті секторға жетуге көмектеседі.

«Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің бойында арнайы жол көрсететін еріктілер қызмет етеді. Сонымен қатар әрбір кіреберіс маңында LED-экрандар орнатылады. Мұнда қай қақпадан қалай кіру керектігі, секторлар схемасы және іс-шараға қатысты маңызды ережелер толық көрсетіледі. Сондай-ақ Абай даңғылы жағынан мүмкіндігі шектеулі жандар, егде жастағы азаматтарға арнайы жол ұйымдастырылады. Кеш өтетін күні күн өте ыстық болады деп болжануда. Сондықтан стадион аумағында сусындар таратылады, сондай-ақ фудкорт аймағы жұмыс істейді», – деді event менеджер Қымбат Маратқызы.

Ұйымдастырушылар концертке келушілерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Айтуларынша, бұл ережелер билеттерде және ресми сайтта алдын ала жарияланған. Мәселен, музыкалық іс-шараға келушілерге алкогольді және психобелсенді заттарды, темекі бұйымдарын, сіріңке мен оттықтар, өткір немесе кескіш заттарды алып кіруге тыйым салынады.

«Іс шара барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құқық қорғау органдары және концертті ұйымдастырушы тарапынан келісіммен көрермендер үшін бірқатар талаптар бекітілді. Концертке қағаз немесе пластик стаканмен су, сусындар алып кіруге рұқсат беріледі. Кесетін және шаншыйтын заттармен кіруге тыйым салынады. Барша қонақтардан түсіністік танытып, алдын ала осы талаптарды ескерулеріңізді сұраймыз», – деді Спорт құрылыстары дирекциясы ішкі қауіпсіздік секторының меңгерушісі Мұхамеджан Мұсалиев.

10 тамызда өтетін ауқымды концертке байланысты қалада қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылмақ. Бұдан бөлек, кейбір көшелерде автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

«Бұл шараға 2 жарым мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылады деп жоспарлануда. Бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Екіншіден, жол қауіпсіздігін қадағалайды. Алдын ала мәліметіміз бойынша Абай даңғылы, Мұқанов, Байтұрсынұлы, Сәтбаев көшелерінің бойында жол қозғалысы шектеуі болуы мүмкін», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алматылықтар әлемдік деңгейдегі мұндай музыкалық іс-шараның шаһарда өтуін қуанышпен қабылдап жатыр. Қала тұрғындарының пікірінше, бұл бастама ел имиджін көтеріп, туризмнің дамуына оң ықпал етеді.

«Менің ойымша, халықаралық деңгейдегі әртістердің келіп жатқаны өте қуанышты. Астанадағы концертін интернеттегі видеолардан қарап қатты ұнады», – деді қала тұрғыны Дәрия Манай.

«Жоспарым бар, концертке бара алмаймын. Алматыдағы концерт жақсы өтеді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Аймира Майдақара

Айта кетейік, 1 тамыз күні әнші Астана Арена стадионында елорда жұртшылығына арнап концерт қойды.  Енді үш күннен кейін әлемдік жұлдыз өнерін Алматыда көрсетеді.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Қытайдың Цинхай провинциясы Алматының туристік тәжірибесіне қызығушылық танытты