Алматы жаңа автобус бағыты мен LRT ашып, «ақылды» бағдаршам қойғалы жатыр

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «ақылды» бағдаршам қойып, жаңа бағыттар ашып, LRT желісін салуға қамданып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев осы қоғамдық көлікті дамытып, жол кептелісін қалай азайтқалы жатқандарын айтып берді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Спикердің айтуынша, көлік кептелісі қаладағы ең өзекті мәселенің бірі болып тұрғандықтан, оны шешу үшін қала билігі халықаралық тәжірибені зерттеп, қоғамдық көлікті дамытудан бастап жол жүйесін цифрландыруға дейінгі кешенді жұмысты қолға алғалы отыр екен.

«Қоғамдық көлікті тұрғындар үшін жылдам, ыңғайлы әрі тартымды ету негізгі міндет. Осы мақсатта арнаулы автобус жолағының желісі кеңейтіліп, жолақы төлеу жүйесі жаңғыртылып, көлік-тасымал тораптары салынады. Қала метро мен LRT сияқты үлкен инфрақұрылымдық жобаларды дамытуды да қатар қолға алды. Бұлардың барлығы жолға түсетін жүктемені азайтып, қаладағы жеке көліктің санын қысқартуы тиіс», — деді Ержан Диханбаев.

Магистральдарды жеңілдету үшін жол қозғалысының сызбасы да өзіп жатыр. Қалада бағдаршам жүйесі жаңартылып, интеллектуалды көлік технологиясы енгізіле бастады, камера мен дрондарды пайдалану арқылы көлік ағынын да модельдеуді бастады. Бұдан бөлек, қаланың орталық бөлігіндегі біраз көшеде біржақты қозғалыс енгізу жобалары қарастырылып жатыр.

«Бағдаршамдарды реттеу көлік ағынын жүйелеп, көшенің өткізу қабілетін арттырады. Бағдаршамдарды үйлестіру магистральдарда көліктің еркін қозғалуына арналған көлік дәлізін қалыптастырады. Сонымен қатар біз халықаралық тәжірибені, соның ішінде АҚШ-тағы ірі магистральдарға қосылатын көшелерді реттеу тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Бұл ең жүктемесі көп жердегі кептелісті азайтуға көмектеседі», — деді спикер.   

2026 жылы Алматыда №96 мен №130 жаңа автобус бағыты ашылды. Алда «Әуезов-сити» шағынауданында жаңа маршрутты іске қоспақ. Қазір қалада осы желіге талдау жасап, шамадан тыс жүктелген бағыттарды, қайталанатын маршруттар мен тасымалға сұранысы жоғары аудандар анықталып жатыр.

Жыл соңына дейін Алматы қалалық маршруттарды толықтай экологиялық көлікке көшіруді жоспарлап отыр. Бүгінде автобустардың 64,1%-ы газбен жүреді, 4,7%-ын электробустар, тағы 7,2%-ын троллейбустар құрайды. Сонымен қатар билік жаңа автобус парктерін де қоса салып жатыр.  

Қалада велосипед инфрақұрылымы да кеңейтіледі. Веложолдардың ұзындығын 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін арттыру жоспарланған. Жаңа веложолақтар Сәтбаев, Масанчи, Жароков, Жандосов, Жамбыл, Қарасай батыр, Қазыбек би көшесінде, сондай-ақ Назарбаев пен Абылай хан даңғылдарында пайда болуы мүмкін.

Қалада ақылы автотұрақ жүйесі де дамып келеді. Қазір Алматыда шамамен 17 мың ақылы автотұрақ орны бар, жыл соңына дейін тротуар бойында тағы 8 мыңға жуық орын ашылмақ. Әзірге аулалар ақылы автотұрақ аймағына енгізілмейді.

Баспасөз мәслихатында LRT-ның алғашқы желісінің құрылысына дайындық туралы да айтылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қорытынды 2026 жылдың шілде айында шықпақ. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі Төле би көшесімен өтіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін, сондай-ақ Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін барады.

«LRT құрылысының белсенді кезеңі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталады. Жоба желінің өзін ғана емес, депо құрылысын да қамтиды. Біз LRT-ны Алматының жаңа көлік жүйесінің негізгі элементінің бірі ретінде қарастырамыз. Ол қалалық қоғамдық көліктің бірыңғай жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс», — деді Ержан Диханбаев.

Жолайрықтар салу, көшелерді ұзарту мен тесу, жолдарды қайта таңбалау мен қиылыстарды оңтайландырып, сонымен қатар қалада жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы да жалғасып жатыр. Билік тасымалдаушыларға бақылауды да күшейтпек. Осы мақсатта автобустардың санитарлық жағдайын, қозғалыс кестесінің сақталуы мен жүргізушілердің тәртібін қадағалайтын бақылау-линиялық қызмет құрыла бастады.

Ержан Диханбаев Жароков пен Серкебаев көшесіндегі сары жолақтың пайда болуына да түсініктеме берді. Оның айтуынша, сары сызықтар түнгі уақытта жақсы көрініп, ретсіз автотұрақпен күресуге көмектеседі. Бұл жол қауіпсіздігі мен көшенің өткізу қабілетін арттыруға сеп болады.

Оқи отырыңыз: Туризм Алматыдағы табысты салалардың біріне айналып келеді

Новости партнеров