«Almaty Hike» сервисі іске қосылды: тауға шықпас бұрын қайда тіркелу керек

03.11.2026 20:10

Биыл Алматы тауларында 430-дан астам іздестіру жұмыстары жүргізілген

Енді тауға шығуды жоспарласаңыз, сапардың уақытын, бағытын және жеке деректеріңізді алдын ала енгізіп, байланыс нөмірлерін қалдыра аласыз. Алматыда серуендеуді ұнататын тұрғындар мен қала қонақтарына арналған Almaty Hike онлайн-сервисі іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді тау шыңдарын бетке алған туристер сапарға шықпас бұрын төтеншеліктерге өз жоспары туралы хабарлай алады. Ол үшін Almaty Hike онлайн-сервисін пайдалануға болады. Сайтқа кіріп, телефон нөмірі мен маршруттың басталу уақыты секілді маңызды ақпаратты көрсету қажет. Сервисті таулы аймақтар мен ұлттық парктерге қатынайтын автобустарда және аялдамаларда орналастырылған QR-код арқылы да қолдануға мүмкіндік бар. Ал таудан түскен соң қалаға оралғанын белгілеп, тіркеуді жабу маңызды. Себебі ақпарат бірден Төтенше жағдайлар департаментіне жолданады.

«Жоспарлаған шыңға баратын болсаңыз, келесі күннің ауа-райы көрсетіледі және күн бұлттанатыны, қай уақыттан қай уақытқа дейін жел тұратыны,ескертіледі. Тауға шығардың алдында өзіңізбен бірге қандай құжаттар, қандай дайындық керек, көрсетілген», – деді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нүгірбеков.

Биыл Алматы тауларында 430-дан астам іздестіру жұмыстары жүргізілген. Құтқарушылар 700-ге жуық адамға көмек көрсетіпті. Олардың 145-і кәмелетке толмағандар. Сондай-ақ 123 адам түрлі жарақат алған. 

«Ең қиыны – бұл адамдардың жоғалу себебі. Олар көбіне маршрутты білмейді. Қаладағыдай емес, тауда ауа-райы тез өзгереді. Қазір күн жылы болып тұрса, аяқ асты тұман түсіп, күн суытып кетуі мүмкін. Сондай кездерде олар белгіленген маршруттарынан адасады», – деді Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы авариялық-құтқару қызметінің бастығы Самат Серғазинов.

 Айта кетейік, алдағы қысқы маусымда таудағы туристердің қауіпсіздігін жалпы саны 194 адамнан тұратын екі кәсіби құтқару жасағы қамтамасыз етеді. Олардың құрамында 60 техника мен екі тікұшақ бар. Бұған қоса іздестіру-құтқару жұмыстарына Альпинизм федерациясы мен 100-ден астам ерікті тартылады.

Олжас Омарбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық саяхатшыларды несімен қызықтырады

Толық көрсету