Алматы мен Эль-Кувейт: креативті индустрия саласындағы серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері

06.02.2026 10:07
пресс-служба акима Алматы

1-3 ақпан күндері Эль-Кувейт қаласында (Кувейт) өткен креативті индустрияны дамытуға арналған халықаралық форумда Алматы Қазақстанның креативті экономикасындағы жетекші орталықтардың бірі ретінде таныстырылды. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасының өкілдері хабарлады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Аталған форум World Crafts Council бастамасымен ұйымдастырылып, ЮНЕСКО және өзге де халықаралық әрі ұлттық институттардың қатысуымен өтті. Іс-шараға 34 елден мемлекеттік органдар, креативті қауымдастықтар мен мәдени мекемелердің өкілдері жиналды.

Форумның іскерлік бағдарламасы аясында Алматы делегациясы қаладағы креативті индустрияның даму бағыты, қолданыстағы инфрақұрылым және институционалдық қолдау тетіктері туралы презентация ұсынды. Сонымен қатар, креативті экономика саласында халықаралық әріптестікті кеңейту тұрғысынан Алматының мүмкіндіктері ерекше аталды.

Талқылаулар барысында Алматының креативті саланы қолдау, креативті кәсіпкерлікті ынталандыру және мәдени туризмді дамытудағы тәжірибесіне назар аударылды. Қатысушылар тұрақты қалалық креативті экожүйе қалыптастыру және халықаралық байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Бағдарламаның жеке бөлімі Алматы мен Эль-Кувейт арасындағы ынтымақтастық әлеуетіне арналды. Басым бағыттар ретінде қолөнер кәсіпкерлігін дамыту, бірлескен креативті жобаларды іске асыру, фестивальдер, көрмелер мен білім беру бастамаларын ұйымдастыру ұсынылды.

Форум қорытындысында 34 елдің қалалары мен қолөнер қауымдастықтары тәжірибе алмасты. Қалыптасқан кәсіби байланыс Алматының халықаралық әріптестігін одан әрі күшейтіп, креативті индустрияның жаһандық күн тәртібіне белсенді араласуына берік негіз қалайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер көбейеді