Алматыда мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденген топқа қатысты сот үкімі шықты

06.02.2026 10:15

Мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды

Видеодан кадр

 

Алматы қаласында мемлекет пайдасына тәркілеуге жататын мүлікті иемдену мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған адамдар тобына қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еске салсақ, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Коспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған болатын. Аталған топ «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алу фактілері бойынша әшкереленген.

Сот шешімімен тәркілеу мақсатында Алматы қаласындағы «Никольский» базары аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тыйым салынған.

"Алайда 2025 жылдың қыркүйек айында Аслан Пухаев, Антон Соловьёв және Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы аталған тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған.

Кейіннен жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер телімі оларды әрі қарай сату мақсатында жалған тұлғалардың атына қайта рәсімделген", - делінген ҚМА хабарламасында.

Сот үкімімен кінәлі тұлғалар 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді. Заңсыз иемденілген мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерге заңсыз араласуға байланысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын ескертеді.

Оқи отырыңыз: Еліміздің бірнеше өңірінде қылмыстық топтардың заңсыз әрекеті әшкереленді - ҰҚК