Алматы мен Сиань туристік байланысты нығайтып келеді

10.06.2026 10:09
пресс-служба акима Алматы

8 маусым Алматыда Сиань қаласының (ҚХР) туристік әлеуетін таныстыруға арналған «Мыңжылдық көне астана – Чанъаньға қош келдіңіздер» атты іс-шара өтті. Басқосу Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, туристік сала және бизнес өкілдерінің басын қосты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Таныстырылым барысында қатысушыларға Сиань қаласының туристік бағыттары, мәдени мұрасы мен туристік әлеуеті, сондай-ақ екі қала арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері таныстырылды. Бағдарлама аясында мәдени өнер қойылымдары көрсетіліп, екі елдің туристік индустрия өкілдері арасында B2B форматындағы кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі «Қытай – Орталық Азия» халықаралық мәдени-туристік пойызы бойынша тұрақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болды. Құжатқа Сиань қаласының Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Чжао Фэн мен Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова қол қойды.

Бұл іс-шара Алматы мен Сиань арасындағы туристік, мәдени және гуманитарлық байланысты нығайтудағы кезекті маңызды қадам болды. Сондай-ақ, бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара туристер санының артуына ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Әкімнің қабылдауында қаралған мәселе: Әуезов ауданында кітапхана мен комьюнити орталық ашылады