Әкімнің қабылдауында қаралған мәселе: Әуезов ауданында кітапхана мен комьюнити орталық ашылады

Кездесуде мәдениет, қоғамдық қауіпсіздік және экология салаларына қатысты өзекті сауалдар қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрғындардың қоғамдық өмірін жандандыратын жаңа кітапхана мен заманауи комьюнити орталық ашылуы мүмкін. Бұл туралы шаһар басшысы Дархан Сатыбалдының азаматтарды қабылдауы кезінде айтылды. Кездесуде қала халқы мәдениет саласын дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және экологиялық ахуалды жақсарту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Кезекті қоғамдық қабылдауда 16 тұрғын толғандырған мәселелерді ортаға салды. Кездесуде мәдениет, қоғамдық қауіпсіздік және экология салаларына қатысты өзекті сауалдар қойылды. Олардың айтуынша, халық саны қарқынды өсіп жатқан ауданның мәдени инфрақұрылымы сұранысты толық өтей алмай отыр. Әуезовте 360 мыңға жуық адам тұрса, оларға небәрі екі кітапхана қызмет көрсетеді.

«Әуезов ауданында тұрғындар өте тығыз орналасқан, 360 мыңға жуық тұрғыны бар ауданға екі кітапхана өте аз. Оның ішінде бір кітапхана, 45 кітапхана мүгедектерге арналған, ардагерлер үйінде орналасқан. Қазақстан Жазушылар кітапханасы Алтынсарин Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан. 24/7 режимінде жұмыс жасайды. Тұрғындары тығыз орналасқан ауданға өте аз деп ойлаймын», – деді Қазақстан жазушылар кітапханасының қызметкері Елена Ағайса.

Мәдениет басқармасының мәліметінше, бүгінде Алматыда жалпы саны 39 кітапхана жұмыс істейді. Оның 30-ы қалалық әкімдіктің қарамағында. Алайда олардың тек екеуі халық тығыз қоныстанған Әуезовте орналасқан. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта ауданда тағы бір жаңа кітапхана ашу жоспарланып отыр.

«Шынымен де, кітапхана өте қажетті. Былтыр 500 шаршы метрді қамтамасыз ететін ғимаратты кітапхананың меншігіне алған болатынбыз. Бүгінгі таңда, бұл кітапхана жаңа эскиздік жобасы басталып, қала әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес жаңа модернизация бағытта кітапхананы ашу жоспарымызда бар», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

Кездесу барысында Әуезов ауданының тұрғыны Ирина Агисаева экология мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, аудан аумағында шіріген ағаштар көбейген. Олар қатты жел кезінде құлап, жаяу жүргіншілер мен көліктерге қауіп төндіруі мүмкін.

«Мен ескі ағаштарды кесу туралы мәселені көтердім. Біздің аумақта ескі жасыл желектер жетерлік. Көбі тым биік боп өскен, үйлерге құлауы мүмкін, балалар үшін қауіпті. Қала басшысы бұл жағдайды анықтауға уәде берді. Егер ағаштар кесуге жараса, оларды алып тастау мәселесі қарастырылатынын айтты», – деді  Әуезов ауданының тұрғыны Ирина Агисаева.

Көтерілген мәселеге қатысты Экология басқармасының басшысы түсініктеме берді. Айтуынша, Әуезов ауданында 267 мыңға жуық ағаш есепке алынған. Соның ішінде қураған және апатты жағдайдағы жасыл желектерді анықтау бойынша арнайы жұмыстар басталған.

«Алматы қаласы бойынша 16 мың авариялық жағдайда қураған ағаштарды кесу жұмыстары басталды, ақша, қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта Әуезов ауданы бойынша 2200-дей қураған ағаш бар. Магистральді көше бойындағы ағаштарды кесәп жатырмыз. Келесі аптанадан бастап аула ішінде жұмыс басталады», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.

 Кездесу соңында қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын атап өтіп, тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырма берді.

Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Конституциялық кепілдік: Еңбек инспекциясы заң бұзған 244 кәсіпорынды анықтады

Новости партнеров