Алматы ипподромы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды

29.08.2026 14:14

Алдағы уақытта ипподромды кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленеді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылды. Бұдан былай қалалық ипподром тарихи және спорттық мақсаттағы біртұтас нысан ретінде сақталады. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында ипподром аумағы тиісті функционалдық аймаққа бекітілген. Оны өзгерту жоспарда жоқ. Жер телімінің де ипподромды пайдалану және оған қызмет көрсетуге арналған нысаналы мақсаты сақталады.

Алдағы уақытта ипподромды кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленеді. Оның спорттық қызметін қалпына келтіру, инфрақұрылымын жаңғырту, трибуналарын, ат қораларын, спорт жолдарын және инженерлік желілерін жаңарту жоспарланып отыр.

Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде заманауи спорт инфрақұрылымына қойылатын талаптар ескеріледі. Нысан өзінің негізгі мақсатын және қалалық әрі республикалық жарыстар өткізу мүмкіндігін сақтауға тиіс.

Қазіргі уақытта кешен қатты тозып кеткен, сондықтан оны қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Алматы ипподромы 1930 жылы құрылған және Қазақстан мен Орталық Азиядағы жылқы шаруашылығы мен ат спортына арналған байырғы нысандардың бірі саналады. Оның аумағы 39,1 гектар. Тарихи тұрғыдан ипподром шамамен 3 мың көрерменге және 300-ге жуық жылқы ұстауға есептелген. Күрделі жөндеу жұмыстары 1965 және 1985 жылдары жүргізілген. 1990 жылдардағы жекешелендіру нәтижесінде ипподром мемлекеттік меншіктен шығарылды. 2001 жылы «Ипподром» АҚ банкрот болғаннан кейін мүліктік кешен жеке құрылымдарға сатылып кеткен еді. Бұл қоғам белсенділері, атбегілер мен ат спорты жанкүйерлерінің наразылығын тудырды. Ипподромды қалалық коммуналдық меншікке қайтару туралы мәселе қоғам тарапынан әлсін-әлсін қозғалып жүрді.

Ипподромның коммуналдық меншікке қайтуы оны кезең-кезеңімен қалпына келтіруге және Алматыда ат спортын одан әрі дамыту үшін нысанды сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Жалпы, ипподромды қалалық коммуналдық қызметке қайтару процесі біршама ұзақ уақытқа созылып, тек, биыл ғана жүзеге асты.

Оқи отырыңыз: 1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау міндетке айналмауы тиіс - министрлік

Толық көрсету