Қалалық мәслихат зообақты табиғи аумақ үшін төлемнен босату туралы шешім қабылдады
Алматыдағы хайуанаттар бағы ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін төленетін міндетті алымдардан босатылды. Бұл өзгеріс қалалық мәслихаттың кезектен тыс 31-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Депутаттар 2020 жылғы 30 қазанда бекітілген бұрынғы мөлшерлемелерді реттейтін шешімнің күшін жойды.
Айта кетейік, соңғы төрт жылда зообақ мемлекеттік бюджетке 110 миллион теңгеден астам қаржы аударған. Енді бұл қаражат мекеменің өз иелігінде қалып, инфрақұрылымды жаңғыртуға және жануарлардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталмақ.
«Алматы қаласының кезектен тыс мәслихат сессиясы өтті. Соның ішінде бір сұрақ Алматы хайуанаттар бағы бойынша болды. Алматы хайуанаттар бағы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіреді. Осы табиғи аумаққа кіргені үшін негізі Үкіметтен ставка бекітілген. Ол - АЕК-тің 0.01 пайызы, яғни 32-39 теңге аралығында болған. Сол алым өз күшін жойды. Бүгінгі сессияда сол мәселе қаралды. Барлығы қолдады», - деді Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.
Сессияда бұдан бөлек, кадрлық мәселелер де қаралды. Мәселен, коммуналдық инфрақұрылым, энергетика, сумен жабдықтау және қалалық мобилділік жөніндегі тұрақты комиссияның құрамы жаңартылып, төрағалыққа осы салада белсенділігімен көзге түскен Садир Хамраев сайланды. Сондай-ақ «AMANAT» партиясынан сайланған депутат Бекбол Рамазанның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл шешім оның жеке өтініші мен қалалық сайлау комиссиясының ұсынысы негізінде қабылданды.
Оқи отырыңыз: Алматыда Абай даңғылының бір бөлігінде түнгі көлік қозғалысы шектеледі