Бостандық ауданында бірнеше қоғамдық кеңістік абаттандырылды

Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» аясында жаяу жүргіншілер аймақтары салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бостандық ауданында тұрғындардың бастамасымен абаттандырылған бірнеше қоғамдық кеңістік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таныстырылды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында мұнда жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар салынып, автоматтандырылған суару жүйесі жетілдіріліпті. Журналистермен бірге нысандарды аралаған аудан әкімі атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Орбита шағынауданындағы Торайғыров көшесі тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ. Себебі мұндағы көнерген инфрақұрылым жаңарып, тұрғындар ұсынысымен жаңа жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде, 1500-ден астам бұта мен 500-ге жуық ағаш егіліп, 4,2 гектардан астам жаяу жүргіншілер аймағы мен веложолдар, демалыс орындары мен балалар алаңы салынбақ.

Бостандық ауданында халық қатысатын бюджет жобасы аясында бірнеше ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі - дәл осы жаяу жүргіншілер жолы. Жоба Саин көшесімен Әбіш Кекілбайұлы көшесінің аралығын қамтиды. Ұзындығы 2,2 шақырым. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына барлық жағдай жасалмақ. Нақтырақ айтсақ, 200-ден аса жарықшам, орындықтар мен әткеншектер орнатылып, аумақты көгалдандыру жоспарланған. Бүгінде абаттандыру жұмыстарының 70 пайызға жуығы аяқталыпты.

Бұдан бөлек, Гагарин гүлзары да абаттандырылды. Бұған дейін бульвардың Жандосов көшесінен Абай даңғылына дейінгі аумағы жарық орнатылмай, тозыңқырап тұр еді. Енді мұнда тактильді плиткалар төселіп, инклюзивті ойын алаңдары, воркаут аймағы, жарық шамдар мен жайлы орындықтар қойылған.

«Қиындықтар болды. Бірақ Бостандық әкімдігімен бірге соның бәрін шешіп жатырмыз. 5 мың шаршы метр кеспе тас төселді, 3 500 шаршы метр асфальт жаңартылды. Сондай-ақ автоамтты суғару жүйесін орнаттық», - деді мердігер компания өкілі Алмат Ілиясов.

Қоғамдық кеңістікті абаттандырумен қатар, ауданның жасыл желегін күтіп-баптау да басты назарда. Қазір Бостандық ауданында автоматтандырылған суару жүйесін енгізу жалғасып жатыр. Былтыр 312 мың шаршы шақырымды қамтыған 10 жоба аяқталса, биыл тағы 5 жоба іске қосылыпты. Жалпы, бүгінде аудандағы 310 гектар жасыл-желек аумағы суару жүйесімен қамтылған екен.

«Халықпен осындай жобаларды ақылдасып, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Енді халықтың дауыс беруінсіз еш жоба іске аспайды. Сол үшін белсенділерімізбен ақылдасып, жиналып, керек жерінде көмек көрсетіп, бірге жұмыс істеп жатырмыз», - деді Бостандық ауданының әкімі Санжар Әлин.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы - тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы тиімді серіктестік пен берік қарым-қатынастың көрінісі. Аудан әкімдігінің айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Qazaq Invest Forum өтті: 5 трлн теңге қаржы қайда жұмсалмақ

Новости партнеров