Кездесу барысында қатысушыларды толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтерілді
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Тәуелсіздік күні және Желтоқсан оқиғасының 39 жылдығы қарсаңында 1986 жылғы желтоқсаншылармен кездесті. Әкім Алматының қоғамдық өміріне белсене үлес қосып жүрген желтоқсаншылардың патриоттық ұстанымын, азаматтық позициясын және ұлттық құндылықтарға беріктігін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кездесу барысында қатысушыларды толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтеріліп, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, кешенді еске алу іс-шараларының жоспары әзірленетін болады. Әсіресе ұлттық рухты нығайтуға және жастарды тәрбиелеуге бағытталған танымдық әрі патриоттық бастамаларға басымдық беріледі.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап жүргені және азаматтық қоғамды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін желтоқсаншыларға алғыс білдірді. Әкім атап өткендей, қала әкімдігі, Мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйымдар жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру және қаланы дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.
Еске сала кетейік, Тәуелсіздік күніне орай Республика алаңындағы «Тәуелсіздік» монументіне және Желтоқсан көшесіндегі «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қою рәсімдері өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда инклюзивті бағдарламалар кеңейтілді: биыл 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды