Референдумға дейін:
17
күн
15
сағат
13
минут

Алматы әкімі бағаның тұрақтылығына және өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударды

Қала әкімі Алматының отандық өндірушілерді жүйелі түрде қолдайтынын, өндірісті жаңғырту мен кеңейтуге жағдай жасайтынын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарын аралады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сапар барысында қала басшысы «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты, «Алматы нан» нан комбинаты және «Масло-Дел» компаниясында болды.

«Ақсай» нан-тоқаш комбинатында әкім өндірістік желілер мен жеткізу логистикасымен танысты. Кәсіпорын жыл сайын шамамен 48,7 мың тонна өнім шығарып, қала халқының әлеуметтік нанға деген сұранысының 50%-ына дейін қамтамасыз етеді. Мұнда 1 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

«Алматы нан» комбинаты тәулігіне 100 тоннаға дейін нан-тоқаш өнімдерін шығарады, оның 30 тоннасы әлеуметтік нанға тиесілі. Компанияда 166 адам еңбек етеді, орташа жалақы – 300 мың теңге. Екі кәсіпорын бірігіп, алматылықтардың нан-тоқаш өнімдеріне, соның ішінде әлеуметтік нанға деген негізгі сұранысын қамтамасыз етіп отыр.

Сапар «Масло-Дел» компаниясына барумен аяқталды. Бұл Қазақстандағы май-тоң май және сүт өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын бес өндірістік алаң мен 24 сату филиалын біріктіреді, онда 3 000-нан астам адам жұмыс істейді. Өндірістің жылдық көлемі 150 мың тоннадан асады, бұл кейбір өнім санаттары бойынша елдің ішкі нарығының шамамен 33%-ы.

Қала әкімі Алматының отандық өндірушілерді жүйелі түрде қолдайтынын, өндірісті жаңғырту мен кеңейтуге жағдай жасайтынын атап өтті.

«Әкімдік тарапынан өндірушілерге қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, олардың тұрақты өндірісі мен ішкі нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету», — деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.

Сапар қорытындысы бойынша қала басшысы тиісті басқармаларға көтерме және бөлшек бағаға тұрақты мониторинг жүргізуді, кәсіпорындарға инфрақұрылымдық және кадрлық мәселелерді шешуде жәрдемдесуді, сондай-ақ баға қалыптастырудың ашықтығын сақтап, азық-түлік жеткізілімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді жүктеді.

Алматы әкімдігі алдағы уақытта да отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауды және мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін басты назарда ұстайды.

Оқи отырыңыз: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Аюсай шатқалында экологиялық сенбілік өтеді

Новости партнеров