Алматы әкімі Бостандық ауданындағы инфрақұрылым мәселелерін шешуді тапсырды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Дархан Сатыбалды жергілікті жұртты алаңдатқан бірқатар мәселені талқылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бостандық ауданында жыл соңына дейін су, кәріз, жылу және электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ 3 мыңнан аса шам ауыстырылып, жаңа жарық бағандары орнатылмақ. Қала әкімі Дархан Сатыбалды аудан басшылығымен өткізген жиында жауаптыларға осындай тапсырма берді. «Мәселені ушықпай тұрып, алдын ала шешу керек» деген ол жергілікті жұрттың да базынасын тыңдаған еді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданының басшылығымен жиын өткізіп, жергілікті жұртты алаңдатқан бірқатар мәселені талқылады. Әсіресе әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық бағыттағы түйткілдер көтерілді. Сондай-ақ шаһар басшысы базынасын айтып келген халықты да қабылдады. Көмекке жүгінгендердің бірі – алматылық Дина Омарбекова. 10 жыл бойы моншақ пен білезік жасап, күн көріп жүрген ол өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды да қолөнерге баулиды. Алайда кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырған ғимаратынан айырылып қаламын ба деп алаңдайды.

«Еңбегім еш кетіп, кәсібім тоқтап қала ма деп қорықтым. Ерте ме, кеш пе, бұл ғимаратты алып қоя ма деп уайымдаған соң әкімге келіп, қолдау сұрадым. Мәселемді бірден көтеріп, жауаптыларға тапсырды. Бәрі бақылауда болатынын айтты. Ал коммуналдық төлемді демеушілер есебінен төлеуге көмектесеміз деді. Шаһар басшысына алғысым шексіз», - деді қала тұрғыны Дина Омарбекова.

Ал Людмила Сеңгірбаева мен Марат Мақатов - Ерменсай шағынауданының тұрғындары. Олардың айтуынша, жергілікті жерде жарық жиі өшеді, электр энергиясы тұрақсыз екен. Алдағы уақытта тіпті желіден ажырап қаламыз деп алаңдайды. Олардың базынасын естіген шаһар басшысы Энергетика басқармасына мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды. 

«Қабылдаудың аудан әкімдігінің ғимаратында өткені ұнады. Шаһар басшысы халыққа жақын бола түскендей көрінді. Жайлы атмосфера сезілді, еркін отырып, проблемамызды жеткіздік. Әкім бәрін сабырлы тыңдап, бірден жауаптыларды көтерді. Тиісті басқарма басшысы бізді жарықтан ажыратпаймыз деп уәде берді», - деді қала тұрғыны Людмила Сеңгірбаева.

«Бүгінгі қабылдауға көңілім толды. Бәрі ойдағыдай өтті. Әкім мәселемізді назардан тыс қалдырмай, бірден бақылауына алды. Тапсырма берді. Ризамыз», - деді қала тұрғыны Марат Мақатов.

Айта кетейік, жауаптылармен жиын өткізген қала басшысы аудан әкімдігінің жұмыстарында бірқатар олқылық бар екенін алға тартты. Соның ішінде кейбір мектептер мен медициналық мекемелердің жай-күйі, әлеуметтік нысандарды жаңарту ісінің сағызша созылуы, қауіпсіздік шараларының дұрыс қамтамасыз етілмеуі – жергілікті жұртты алаңдатқан түйткілдер. Дархан Сатыбалды аудан әкіміне шұғыл түрде аталған мәселелерді реттеуді тапсырды.

«Бірдеңе бұзылғанша күтіп отырасыздар. Ал ол бұзылғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттама дайындаймыз дейсіздер. Оған тағы бір жыл кетеді. Содан кейін тендер өткізесіздер, ал мердігер жауапсыз болып шығады. Сосын анау болып қалды, мынау болып қалды деп тағы отырасыздар. Енді аудан әкімі болғаннан кейін бір жолын тауып, бұл мәселелерді шешу керек қой», - деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ қала басшысы бюджет қаражатын үнемді пайдалану қажеттігін еске салып, инфрақұрылымды уақытылы жаңартуды, жұмысты бастамас бұрын алдын алу шараларын да ойластыру керек екенін баса айтты. Бұдан бөлек, абаттандыру, инженерлік және әлеуметтік түйткілдер, тұрғын үй-коммуналдық қызмет сапасы бақылауда болады деді. Жиын соңында мегаполис әкімі көмекке жүгінген әрбір тұрғынның мәселесін жақын арада шешуді тапсырды.

Аяулым Көлжігіт, Әмина Үсенова, Ғани Қалуов, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын үйдің қасбеті қайта жаңарды

Новости партнеров