Алматыда әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын үйдің қасбеті қайта жаңарды

Тұрғын үй 2010 жылы мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға берілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Әуезов ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын тұрғын үйдің қасбеті қайта қалпына келтірілді. Қала әкімінің қолдауымен қолға алынған жоба демеушілердің қаражаты есебінен іске асырылыпты. Ал жөндеу жұмыстары 1 айға жетпей аяқталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Бұл 25 пәтерлі тұрғын үй 2010 жылы мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға берілген. Содан бері қасбеті жөнделмеген. Уақыт өте сылағы құлап, бояуы өңіп, қабырғаларында жарықтар пайда болған. Ал қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң, тұрғын үй адам танымастай өзгерген.

«15 жылдың ішінде биыл бірінші рет үйімізге қасбет жасалды. Өте керемет! Балаларымыз көбіне шетелдіктермен араласады. Америкадан, басқа елдерден қонақтар келіп жатады. Бірақ үйіміздің іші әдемі болғанымен, сыртына қатты ұялатынбыз. Биыл қала әкімінің, Әуезов ауданы әкімінің қолдауымен үйіміздің сыртына жақсы жөндеу жасалды», - дейді қала тұрғыны Гүлмира Абдуллаева.

«Былтыр күзде біраз өтініш жасағанбыз. Ол кезде болмады. Бірақ осы шілдеде жасаған өтінішіміз қабылданып, тамыз айының ішіне дейін бәрін жасап бергеніне өте қуаныштымыз», - дейді қала тұрғыны Озипа Тілеубаева.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, былтыр «Ақсай» және «Мамыр» ықшамаудандарындағы 28 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылған. Қазір Саин көшесіндегі үйлердің сыртын әрлеуге бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.   

«Сондықтан сол кезде мердігер компаниялар шығады. Біз жоспар бойынша жылдың соңына дейін 37 үйді қасбеттерін бәрін толықтай бояп шығамыз», - деді Әуезов ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Ерсұлтан Жұмаханов.

Жалпы, ауданда магистральді көшелерде орналасқан 504 үй бар. Соның 420-сы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ал қасбетті қалпына келтіру ісі кезең-кезеңімен іске асырылмақ.

Олжас Омаребек, Мейрам Исабеков, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы орталығында екі қабатты ғимарат бұзылып жатыр

Новости партнеров