Қалада жалпы құны 2 402,4 млрд теңге болатын 195 жоба қолға алынған
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиевтың атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша Алматыда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 543,3 млрд теңге болып, 35,6%-ға артты. Инвестиция құрылымында жетекші орынды өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, қаржы және сақтандыру салалары иеленіп отыр.
Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібі 17,6%-ға өсіп, 628,4 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 22,4%-ға жетуі мүмкін. Әсіресе, машина жасау (137,5%), полиграфия (143%), тамақ өнеркәсібі (100,8%) және химия өнеркәсібі (117,1%) ерекше серпінмен дамып келеді.
"Қалада жалпы құны 2 402,4 млрд теңге болатын 195 жоба қолға алынған. Бұл – шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны", - делінген хабарламада.
2025 жылы құны 555,1 млрд теңге болатын 45 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Changan», «Chery» және «Haval» маркалы жеңіл автокөліктер шығаратын мультибрендті зауыт, «Wildberries» логистикалық орталығы, сондай-ақ, шыны ыдыс пен арматуралық тор өндіретін кәсіпорын бар.
Дархан Сатыбалды тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестиция тарту және экономиканың басым салаларын дамыту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Алматыда 2024 жылы қала бюджетіне 2 трлн теңгеден астам қаржы түсті